Елде түлектердің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді

26.05.2026 19:29

Еңбек министрлігі елде мамандарға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін мәлімдеді

Елде түлектердің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Еңбек министрлігінің болжамына сәйкес, 4 жылдан кейін ел экономикасына шамамен 2 миллионға жуық жаңа кадр қажет болады. Бүгінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және басқа да салаларда тапшылық айқын сезіліп отыр,  деп хабарлайды Аlmaty.tv

Мамандық бойынша жұмыс істеп жүрген түлектердің үлесі шамамен 60 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш жоғары оқу орнын аяқтаған азаматтардың бір бөлігі әлі де тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүргенін аңғартады. Биыл ел бойынша 193 мыңнан астам түлек еңбек нарығына қосылады деп күтілуде. Бұл жағдай жұмысқа орналасу мәселесінің өзектілігін одан әрі арттыра түседі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жастарды жұмыспен қамту бағытында қазірден бастап бірқатар кешенді шаралар қолға алынғанын атап өтті.

«Биыл түлектердің толқыны деп айтуға болады, 193 мыңнан астам түлек бітіреді. Оларды жұмыспен қамтамасыз ету үшін кешенді  жоспарымыз бар. Жылдың басынан бастап 100-ге жуық жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ең ірі кәсіпорындармен арнайы үлкен жұмыста жоспарлы түрде атқарылды. Жалпы 40 пайызға алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Түрлі себептер бар», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Еңбек министрлігі елде мамандарға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін мәлімдеді. Ведомствоның болжамынша, 2030 жылға қарай Қазақстанға жалпы 1 миллион 832 мың кадр қажет болады. Оның ішінде 883 мың адам жаңадан ашылатын жұмыс орындарын толықтыруға бағытталса, 948 мың маман қазіргі қызметкерлерді алмастыру үшін қажет болады. Сала сарапшылары алдағы кезеңде қандай бағыттар бойынша мамандарға сұраныс жоғары болатынын да атап өтті.

«2024 жылдан 2030 жылға дейінгі аралықта болжам бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жалдамалы жұмысшыларға деген қажеттілік шамамен 100–120 мың адамды құрайды. Тасымалдау және логистика бағытында 310 мыңнан 492 мың адам қажет. Қызмет көрсету саласында, оның ішінде ақпарат және байланыс, қаржы, сақтандыру, жылжымайтын мүлік, сондай-ақ ғылыми және кәсіби қызмет бағыттарында 208–388 мың маман қажет болады. Өнеркәсіп саласына 118–261 мың адам, ал құрылыс саласына шамамен 200 мың адам керек болады», – деді ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Адина Көлбаева.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеу деректеріне сәйкес, оқушылардың 87%-ы мамандық таңдауда ата-аналары мен мектеп мұғалімдерінің ықпалына сүйенеді. Бұл жағдай жастардың өз қабілеті мен қызығушылығына сай дербес шешім қабылдауына кедергі келтіреді. Осыған байланысты «Жаңа мамандықтар атласы» мектеп түлектері мен олардың отбасылары үшін маңызды құрал ретінде ұсынылып отыр. Ол болашақ мамандықты саналы әрі ақпараттандырылған түрде таңдауға мүмкіндік беретін қарапайым және қолжетімді бағдар. Сарапшылардың пікірінше, атлас қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтармен қатар, алдағы уақытта пайда болатын жаңа кәсіптерді де қамтиды.

«Мамандығым-болашағым» атты жоба арқылы өзгерістерді болжайтын зерттеулерді өткіземіз. Әрбір өңірдің жаңа кәсіптерлік атласы бар. Сол жинақтарда негізгі салалар бойынша қандай мамандықтар басым келеді, ол мамандықтар қалай өзгереді, қайсысы жойылады, қайсысы пайда болады? Зерттеудің қорытындылары баяндалған», – деді «Мамандығым-болашағым» жобасының жетекшісі Олжас Сәкенов.

Қазақстанда еңбек нарығындағы сұранысты болжау мақсатында жыл сайын арнайы талдау жүргізіледі. Бұл болжам қысқа, орта және ұзақ мерзімді  кезеңдерді қамтиды. Орта мерзімді болжамның негізінде әр өңірде қандай мамандықтарға сұраныс болатыны айқындалып, мәліметтер Білім министрлігі мен Ғылым және жоғары білім ведомствосына жолданады. Соның нәтижесінде мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу жұмысы жоспарланады.

Айта кетейік, алдағы оқу жылына Үкімет шамамен 90 мыңға жуық мемлекеттік грант бөлуді көздеп отыр.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Түлектердің кортежі: Жаңаөзен 100-ге жуық көлік айып тұрағына қойылған