Электр самокатын өндіретін компания: Ақтөбе облысында қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

11.06.2025 15:40

Олар 115 адамды алдап кеткен

Ақтөбе облысында 115 адамды алдап кеткен қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күдіктілер өздерін АҚШ-та тіркелген электр самокаттарын өндіретін ірі компания ретінде таныстырып, іске қызыққан азаматтарға жоғары табыс береміз деп уәде еткен. Бірақ жаңадан келген салымшылардың есебінен қатысушыларға төлем жүргізген. Ал азаматтар болса, ұйымға бас-аяғы 197 миллион теңге салып үлгерген.

«Тергеу кезінде күдіктілер салымшылардың ақшасын OKX крипто әмиянына аударып, одан кейін фиаттық ақшаға айырбастап, банк шоттарына шығарғаны анықталды. Заңсыз кірістер есебінен Ақтөбе қаласында 2 пәтер мен 3 автокөлік сатып алынып, жасыру мақсатында жақын туыстарына рәсімделген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Есірткі алып өтпек болған астаналық азамат ұсталды