Елге жеткізген шетелдік дәрі-дәрмектің нақты бағасы көрсетіледі

Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шетелдік дәрі-дәрмек елге жеткізілгенде оның нақты бағасы көрсетіледі. Денсаулық сақтау министрлігі препараттар құнының негізсіз өсуіне жол бермеуге күш салмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министр мәліметінше, отандық фармацевтикалық өнімдерді өндіру көлемі 18 пайызға артқан. 200-ден астам өндіруші дәрі шығарумен айналысады. Олардың санын келер жылы арттыру мақсаты бар. Сала басшысы «2025 жылы 79 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалады» деді.

"Қазір 68 млн дәрілік зат қаптамасы таңбаланып, 28,5 млн препарат айналымға енгізілді. Бұл жұмысқа отандық дәрі-дәрмек өндірушілер, тасымалдаушылар, жеке айналымдағы дәріханалар мен 1 784 медициналық ұйым қатысып отыр. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында дәрілік заттардың толық айналымын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Басы ауырып, балтыры сыздаған ауылдағы ағайын дәріхана іздеп қалаға сабылмайды. Шалғай елдімекендерде жылжымалы фармацевтикалық бекет қолжетімді болмақ. Әлеуметке ауадай керек бастаманы министрлік пысықтап жатқан көрінеді. Денсаулық сақтау вице-министрінің ақпарынша, бұл бағытта халық саны мен қашықтық ескеріледі.

"Бұл мәселе – өте өзекті. Заң жобасында ұсынысты жан-жақты қарастырып жатырмыз. Өңірлердегі халық саны мен қашықтықты есепке алсақ, ауылда фармацевтикалық пункттің жеке бизнес тарапынан болуы аса тиімді емес. Сондықтан жобаны іске асыру бойынша бірқатар ұсыныс дайындалып жатыр. Бұл ең алдымен, шалғайдағы ауылдық елдімекендерде сапалы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталады", – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев.

Оқи отырыңыз: Айна құлап, жарақат алды: Алматыдағы фотостудиялардың бірінен төрт жастағы қыз аурухана жеткізілді

Новости партнеров