Елімізде 200-ден астам тұрғын кейбір жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты
Мұндай шешім қабылдаған азаматтар туралы ақпараттар еліміздің әр өңірінен түсіп жатыр
Қазақстанда екі жүзден астам азамат кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды алуды өз еркімен тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, ал мұндай шешім қабылдағандардың саны біртіндеп артып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қазіргі тұрмыстық жағдайын бағалай келе, отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатынына көз жеткізген азаматтар осындай шешім қабылдаған. Олар мемлекеттік көмектен мүлде бас тартып жатқан жоқ. Тек өздеріне тиесілі төлемді алуды тоқтатып, бұл көмектің бүгінгі күні шын мұқтаж отбасыларға бағытталғанын қалайды.
Мұндай шешім қабылдаған азаматтар туралы ақпараттар еліміздің әр өңірінен түсіп жатыр. Олардың арасында кәсіпкерлер, көпбалалы ата-аналар және тұрмыстық жағдайын жақсартып, бүгінде отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатындар да бар.
Бұрын аталған жәрдемақылар азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына қарай тағайындалатын. Кейбір жәрдемақы азамат өтініш бермей-ақ, автоматты түрде рәсімделетін. Ал SMS арқылы жәрдемақыдан өз еркімен бас тартудың жеңілдетілген тәртібі бұрын болмаған. Енді азаматтарға осындай мүмкіндік беріліп отыр.
Бұған дейін Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер бойынша әлеуметтік жағдайы жоғары А санатына жататын отбасылардың кейбір жәрдемақы алушыларына SMS-хабарлама жіберілген. Онда азаматтарға тиісті төлемнен өз еркімен бас тарту мүмкіндігі түсіндірілген.
Азамат жәрдемақыдан бас тарту туралы шешімін SMS-хабарламаға жауап беру арқылы білдіре алады. Өз еркімен бас тартқан азаматтардың тиісті төлемі 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындаудың жаңа тәртібі күшіне енгенге дейін тоқтатылады. Бұл ретте тек азамат бас тартқан төлем ғана тоқтатылады.
Отбасының цифрлық картасы мемлекетке әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақтырақ бағалауға көмектеседі. Соның негізінде мемлекеттік қолдау отбасының шынайы жағдайына қарай көрсетіледі. Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудегі басты мақсат та осы, көмекті уақытында көрсетіп, оны ең алдымен шын мұқтаж адамдарға бағыттау.
Осы ретте SMS-хабарламаның келуі жәрдемақының автоматты түрде тоқтатылатынын немесе төленбей қалатынын білдірмейді. Бұл шешімді азаматтың өзі қабылдайды. Ал заңда көзделген жәрдемақыны алуды жалғастырған азаматтар мемлекеттік қолдауға деген заңды құқығын пайдалана береді.
Кейбір отбасы үшін мемлекеттік көмек өмірінің белгілі бір кезеңінде үлкен қолдау болған. Ал бүгінде тұрмысы түзеліп, табысы артқан соң, олар жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуды жөн көріп отыр. Мұны әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж адамдарға бағытталуын қолдау деп түсінуге болады.
Мәселен, Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың анасы әрі кәсіпкер Қалауша Садықова өз кәсібін енді бастаған кезде мемлекеттік қолдаудың отбасы үшін маңызды болғанын айтады.
«Мен көпбалалы ана ретінде мемлекеттік көмектің отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Өз кәсібімді енді бастаған кезде бұл қолдаудың біз үшін пайдасы зор болды. Қазір кәсібім дамып, отбасымды өзім қамтамасыз ете аламын. Сондықтан көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарту туралы шешім қабылдадым. Мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау олардың жағдайына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді деп ойлаймын», – дейді Қалауша Садықова.
Осындай шешімді волейбол клубының директоры Азамат Нұрмұхамбетов те қабылдаған. Ол I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлға ретінде ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алып келген.
«Әлеуметтік көмек көрсетуде атаулылық қағидатын қолдаймын. Әр адамның өмірлік жағдайы әртүрлі, ал мемлекеттік қолдау көптеген азамат үшін өте маңызды. Өзім алып жүрген жәрдемақыдан өз еркіммен бас тартуды жөн көрдім. Осындай тәсіл қиын жағдайға тап болған адамдарға көмекті тиімдірек көрсетуге мүмкіндік береді деп санаймын», – дейді Азамат Нұрмұхамбетов.
Қостанай облысында тұратын көпбалалы ана Анна Шерер де өз оқиғасымен бөлісті. Ол жұбайымен бірге агробизнеспен айналысып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүр.
«Жолдасым екеуміз жұмыс істейміз, төрт баланы тәрбиелеп отырмыз. Отбасымызды өз күшімізбен қамтамасыз етуге тырысамыз. Қазір материалдық жағдайымыз көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркімізбен бас тартуға мүмкіндік береді. Бұл – өзіміз қабылдаған саналы шешім. Дегенмен мұндай көмектің көптеген ата-ана үшін, әсіресе өмірдің қиын кезеңдерінде, қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мемлекеттік көмек жүйесіне құрметпен қараймын. Ең бастысы, көмек көрсеткенде әр отбасының нақты жағдайы ескерілуі керек деп ойлаймын», – дейді Анна Шерер.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мұндай шешімдер ең алдымен азаматтардың өмірлік жағдайының өзгергенін көрсетеді. Егер отбасы бүгінде өзін-өзі қамтамасыз ете алса, тиісті жәрдемақыдан өз еркімен бас тарту мүмкіндігін пайдалана алады. Ал отбасының материалдық жағдайы өзгерсе, оның әлеуметтік әл-ауқаты да қайта бағалануы мүмкін.
Осылайша, жаңа тәсілдің негізінде адамның өзі және оның нақты өмірлік жағдайы тұр. Мемлекет әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру арқылы көмекті шынымен қажет жерге бағыттауды көздейді. Бұл ретте заңда қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер сақталады.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың кейбір түрлерін тағайындау кезінде жаңа тәсілдер қолданыла бастайды. Тиісті көмекке құқығы бар-жоғын анықтағанда азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жататыны ғана емес, Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер негізінде бағаланатын отбасының әлеуметтік әл-ауқаты да ескеріледі.
Өзгерістердің басты мақсаты мемлекеттік көмекті барынша нақты әрі әділ көрсету. Яғни, бүгін көмекке мұқтаж адамдарға дер кезінде қолдау білдіріп, тұрмысы жақсарған отбасылардың жағдайындағы оң өзгерістерді де ескеру.
Оқи отырыңыз: 16 қазанда Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр