Салықшылар интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың табысын заңдастыру мәселесіне де тоқталды
Жаңа Салық кодексі күшіне енгелі бері 34 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс режимін өзгерткен. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына ауысқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары құжаттың шағын және орта бизнестің қызметіне әсері туралы айтты. Сөзінше, салық органдарында реформа салдарынан жабылып қалған кәсіптер туралы дерек жоқ. Айтуынша, мұндай статистика жүргізілмейді. Тек бизнесті тіркеу және есептен шығару бойынша жалпы сандар ғана айтылды. Мәселен, 2026 жылы 412 мың кәсіпкер тіркеліп, 256 мың бизнесмен есептен шығарылған. Нәтижесінде салық төлеушілер саны 155 мыңға артқан.
«2024 жылы Қазақстанда 414 мың кәсіпкер тіркелсе, 394 мың кәсіпкер есептен шығарылды, бұл 19 мыңдық оң сальдоны қамтамасыз етті. 2025 жылы 478 мың кәсіпкер тіркеліп, 335 мың кәсіпкер есептен шығарылды, оң сальдо 142 мың болды. Бұл көрсеткіштер бизнестің тіркелуі мен қызметін тоқтату бойынша жыл сайынғы динамиканы көрсетеді және салық төлеушілер санының тұрақты өсіп келе жатқанын білдіреді», – деді ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов.
Салықшылар интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың табысын заңдастыру мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, олар үшін арнаулы салық режимі енгізілген. Қазіргі уақытта 33 түрлі платформа салық жүйесімен біріктірілген. Солардың ішінде 27-сі салық агентінің функцияларын толық орындай алады, яғни олар арқылы есептеу, ұсыну немесе аудару сияқты қызмет жүргізіледі. Ал қалған 4 платформа әлі тестілеу кезеңінде, яғни толық жұмысқа қосылған жоқ, тек сынақтан өтіп жатыр. Платформалар арқылы жұмыспен қамтылғандар саны 369 мың. Олар үшін 1,1 миллиард теңге әлеуметтік төлем төленген.
«Платформа арқылы жұмысын жүзеге асырып жатқан азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданады. Бұл режим аясында 4 пайыз міндетті әлеуметтік төлем төленеді. Төлемдер платформаның есебінен емес, жеке азаматтың есебінен алынады», – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының басшысы Ерқанат Шыңберген.
Оқи отырыңыз: Президент Үкіметке шетелдік жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік грант құнын талдауды тапсырды