Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, жобалар 5 климаттық және сейсмикалық аймаққа бейімделген
Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 479 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны бой көтерген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның 178-і бұрын мүлде медицина мекемесі болмаған ауылдарға тұрғызылған. Ал 301 нысан ескі ғимараттардың орнына салынған. Бұл жұмыстар эталондық жобалар негізінде жүргізілген. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, жобалар 5 климаттық және сейсмикалық аймаққа бейімделген. Осы тәсіл арқылы шамамен 16 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген. 2025 жылдың соңына дейін тағы 176 жаңа нысан салу жоспарланып отыр.
«Пилоттық жобаның екінші міндеті аясында 6 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстанда – 1 нысан, Түркістан облысында – 3 нысан, Шығыс Қазақстанда – 1 нысан, Қарағанды облысында – 1 нысан. Ал 26 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Қазір 6 жобаның құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Олардың алдын ала жалпы құны 17,8 миллиард теңге. Тағы 7 жобаның құжаттары әзірленіп жатыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов
Вице министр елде денсаулық сақтау нысандарының цифрлық картасы жасалып жатқанын да айтты. Бұл жоба Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктерінің бірлескен жұмысы аясында іске асуда. Былтыр карта 10 өңірді қамтыған, ал биыл қалған 10 өңір бойынша жұмыс аяқталады. Оған ауруханалар мен емханалар туралы барлық мәлімет енгізіледі. Бұл жүйе министрліктің ішкі базаларымен интеграцияланып жатыр. Сонымен қатар картаға жасанды жады мен жедел талдау құралдары қосылған. Бұл медициналық нысандардағы жағдайды бақылауға және шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
«Бұл тұжырымдама дамудағы кешенді тәсілді көрсетеді. Осы орайда 41 іс-шара қарастырылған. Оның ішіндегі ең бастысы - ұзақ мерзімді өңірлік шеберлік жоспарын әзірлеу. Қазір 7 өңір бойынша шеберлік жоспарын әзірлеу аяқталды. Олар Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе және Ұлытау мен Жетісу облыстары. Қалған өңірлер бойынша жұмыс жалғасуда», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында тағы екі ауыл ішімдіктен бас тартты