Елімізде алдағы уақытта цифрлық теңге айналымға енеді

08.05.2026 16:31

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Цифрлық теңге жүйесі департаментінің бас сарапшысы Анар Талқамбаева айтты

Елімізде алдағы уақытта цифрлық теңге айналымға енбек. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Цифрлық теңге жүйесі департаментінің бас сарапшысы Анар Талқамбаева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сөзінше, сандық валюта қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қаржылық қызметтерге,  оның ішінде офлайн төлемдерге қолжетімділікті арттырмақ. Әрі кәсіпкерлердің шығынын азайтып, мемлекетпен байланысын жеңілдетуі мүмкін.

«Цифрлық теңгені болашақ цифрлық экономиканың инфрақұрылымының негізі ретінде қарастырамыз. Ол қаржы ағынын ашық ете түсіп, мемлекеттің, бизнес пен азаматтардың арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді. Қазіргі міндет – барлығы өзінің рөлі мен артықшылығын түсінетін тұрақты экожүйе қалыптастыру болып отыр», – деді ҚР Ұлттық банкі цифрлық теңге жүйесі департаментінің бас сарапшысы Анар Талқамбаева.¤

Айта кетейік, жоба екі деңгейлі модель бойынша іске асырылмақ. Ұлттық Банк эмиссия мен бақылауға жауап береді, ал банктер мен қаржылық-техникалық компаниялар пайдаланушыларға арналған сервистерді қамтамасыз етеді. Қазір цифрлық теңге сынақтан өтіп жатыр. Мұндай тәсіл сандық ақшаны енгізіп қана қоймай, елдің толыққанды цифрлық қаржы экожүйесін қалыптастыруға сеп болмақ.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысындағы 70-тен аса ауыл ішімдіктен бас тартты