Бұл – соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш
Соңғы 18 жылда елімізде алғаш рет рекордтық мақта өнімі жиналды. Бұл туралы жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдерімен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"2025 жылы картоптың жалпы өнімі 2,9 миллион тоннаға жетті, ал мақта өнімі шамамен 430 мың тоннаны құрады. Бұл – соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай көрсеткішке суғарудың дәстүрлі әдісінен тамшылатып суғаруға көшудің арқасында жеттік. 2025 жылы алғаш рет тамшылатып суғарылатын мақта алаңы 50 мың гектар болды. Бұл ретте дақыл бойынша орташа өнімділік гектарына 30 центнерге, кейбір шаруашылықтарда гектарына 60 центнерге артты", - деді Айдарбек Сапаров.
Министр дерегінше, бұршақ дақылдарынан 1,1 млн тоннадан астам рекордтық өнімі алынды. Оның ішінде жасымық – 842 мың, бұршақ – 222 мың, ноқат – 22 мың тоннаны құрады. Майлы дақылдардың өнімі 4,8 млн тоннаға жетті.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған әртараптандыру жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз. Бұл ауыспалы егісті дұрыс ұйымдастыруға, топырақ құнарлылығын сақтауға және фермерлер үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді", - деді ол.
Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстан шетелге рекордтық көлемде астық экспорттады