Әділет министрлігінің мәліметінше, алиментке қатысты көш басында тұрған Түркістан облысында 26728 іс тіркелген
Елімізде бауыр еті баласынан бас тартып, алимент төлеуден қашатындар қатары жыл сайын көбейіп жатыр. Қазір алименттік борышқа байланысты 322 мыңнан аса іс атқарушылық өндірісте тұр. Оның ішінде материалдық жауапкершіліктен қашып жүргендерге қатысты 31 мың іс проблемалық деп танылып, борыш 33 миллиард теңгеге жеткен. Бұл барлық алименттік өндірістердің 9,6 пайызын құрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде алимент төлеу мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бала алдындағы берешегінен жалтарып, жауапкершіліктен қашатындар түрлі айла ойлап тауып, заңды айналып өтудің тетігін пайдаланып жүр. Көлеңкелі шоттар ашып, дүние-мүлкін ата-анасының немесе басқа да туыстарының атына аудару арқылы табысын жасыратындар, алимент төлеуге келгенде ең төменгі мөлшердегі айлықты көрсетеді. Мемлекет тарапынан түрлі заң актілері мен мүлікке тыйым салу, шоттарды бұғаттау, көлік жүргізу мәртебесінен айыру, елден шығуды шектеу сынды амалдар қарастырылып жатыр.
"Сот орындаушы берешекті анықтайды. Тексеріс жүргізеді. Егер ол қарыз 40 АЕК-тен көп болса, онда оның елден шығуын шектейді. Ал борышкер алиментін 3 айдан аса уақыт төлемеген болса, барлық шектеу шаралары іске қосылады. Егер сот орындаушылары дұрыс әрекет етпей, қызметіне жауапсыз қараса, оларға да тиісті жаза қарастырылған", – деді Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы Азамат Қайырлықов.
Алименттік міндеттемеден жалтарып жүргендерге қатысты 322 мыңнан аса істің 291 мыңы мерзімінде өндіріліп жатыр. Яғни жұмыс істейтін борышкерлерден алимент төлемдері тікелей бухгалтерия арқылы ай сайын ұсталып отырады. Ал 31 мыңнан аса істе қарыз ай сайын өсіп жатыр.
Айта кетейік, дәл осындай проблемалық істер соңғы 4 жылда 2 есеге дейін өскен.
"Жалпыға ортақ декларация тапсыру арқылы тәртіп орнайды деген ниет бар. Алимент өндіруде, шоттың шешімдерін орындау бойынша амал-әрекеттер тез орындалады", – деді заңгер Ғалымжан Саржанов.
Әділет министрлігінің мәліметінше, алиментке қатысты көш басында тұрған Түркістан облысында 26728 іс тіркелген. Содан кейін Қарағанды облысы, Астана мен Алматы қаласында анықталған. Ел бойынша ең аз көрсеткіш Солтүстік Қазақстан мен Ұлытау облысында байқалады. Балаларына алимент төлеуден жалтарып жүргендердің басым көпшілігі ер адамдар. Олардың саны 311 мыңнан асса, әйелдердің саны 11 мыңға жуықтаған.
Бала алдындағы берешектің тиісті өтелуін сот орындаушылары бақылауы тиіс. Сол үшін ведомство жылына бір рет қызметкерлерге жоспарлы тексеру жүргізеді.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Сыбайлас-жемқорлықпен күрес: Алматыда биыл 2,3 млрд теңге үнемделген