Хан Тәңірі: Алматы облысында спорт саласындағы үздіктер марапатталды

Өңірдегі спортшылар халықаралық һәм республикалық жарыстарда 2258 медаль иеленген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының әкімдігі спортта толағай табысқа жетіп, ел мерейін аспандатқан азаматтарды марапаттады. Бірнеше номинацияның басын біріктірген байқаудың атауы да ерекше. "Хантәңірі" деп, елдегі ең биік шыңның есімін иеленген марапатты алғандар да саладағы кіл жүйріктер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Үздік спортшы", "Үздік жаттықтырушы", "Үздік спорт мектебі" мен "Үздік спорттық аймақ". Осы сынды кіл үздікті жиып, шын мақтауға лайық деп танылғандардың басын қосқан Алматы облысының әкімдігі 180 адамды спорттың дамуына қосқан үлесі үшін марапаттады. Жиында төсбелгі мен мақтау қағазынан бөлек, қаржылай сыйлық та тапсырылған. Ал тізімде тек өңірлік саланы дамытуға емес, тұтас ел мерейін аспандату жолында тер төккендер көп.

"Биыл Азия чемпионатында чемпион болдық, әлем кубогінде жүлдегер атандық. Әлем чемпионатында да алдыңғы қатардан көрініп, халықаралық турнирлер мен жарыстарда, оқу-жаттығу жиындарына қатысып, тәжірибемен бөлістік. Алматы облысының басшыларына, жаттықтырушыларыма алғыс білдіремін!"– деді Бокстан әлем чемпионы Толғанай Қасымхан.

Алғысөзінде Алматы облысының саладағы жетістігін айрықша айтқан өңір әкімі "Биыл халықаралық һәм республикалық жарыстарда 2258 медаль иелендік" деді. Түрлі жаһандық сайыстар да облыста өтіп, ұйымдастырушылық әлеуетті айшықтаған. 

"Біздің жоспарларымыз – келесі жылы одан да жоғары нәтижеге қол жеткізу. Алдағы уақытта спорт саласын дамыту, бұқаралық спорт саласын дамытып, еліміздің намысын қорғайтын, көк туымызды желбірететін спортшыларды шығарып, әрқашан биіктен көріндіру," – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков.

Өңірдің спорттық әлеуетін арттыру – сайысқа қатысумен ғана шектелмейді. Осыны ескерген басқарма биыл Алматы облысына қарасты үш ауылда спорттық кешен ашты. Дене шынықтыру-сауықтыру нысаны да қолданысқа берілген. Өңір басшысы "аталған орталықтар халықтың спортпен айналысуына жағдай жасап, жастардың жарқын болашағын қалыптастыруға ықпал етеді" дейді.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысынан

Новости партнеров