Елімізде Алматы неке қию көрсеткіші бойынша көш бастап тұр

22.01.2026 20:25

Қаңтарда шаңырақ көтерген жас отбасылардың саны 700-ге жуықтаған

Алматы неке қию көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр. Мәселен, былтыр 18 мыңнан аса жұп теңін тауып қосылған. Биыл шаңырақ көтерген жас отбасылардың саны 700-ге жуықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Неке қию рәсімі – әр адамның өміріндегі маңызды әрі жауапты сәттердің бірі. Дәл осы кезден бастап екі жүрек бірге соғып, жас жұбайлар бір мақсат пен бір мүдде жолында қадам жасай бастайды. Қазір бұл міндетті атқару айтарлықтай жеңілдей түскен. «Егов» пен екінші деңгейдегі банктердің қосымшасы арқылы жас жұбайлар 15 күн бұрын өтініш тастаса жеткілікті. Ал одан кейін халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, куәлігін ала алады.

Бұл – Маңызды сәттің куәсі болуға жақындарын шақырып, киімдерін үтіктеп, сәнденіп, неке қиюға дайындықпен келген жұптың бірі. Олардың табысқандарына 6 жылдан аса уақыт өткен. Сол мерзімнің ішінде өмірдің ыстығы мен суығына төзе білуді, шын сүйіп, адалдық танытуды үйреніпті. Жас жұп жауапты күнде шынайы эмоциясын жасырмады. Көз жасқа да ерік берді. Отбасы атанған алғашқы күні би билеп, естелікке суретке түсті. Бұл кезді тарихқа енгізді.  

«Шешімді ұзақ ойланып, ақылмен қабылдадық. Көп кезеңді бірге өткіздік. Талай қалада болдық. Түрлі оқиғаны бастан кешірдік. Қуанышта да, қиын сәттерде де бір-біріміздің жанымыздан табылдық. Сондықтан, бүгін – біз үшін қуанышты әрі айтулы күн», – деді қала тұрғыны Евгений Завтриковас.

Мамандардың айтуынша, шаһарда бір күнде шамамен 90-ға жуық неке қию рәсімі өтеді. Отау құруға ұмтылғандардың орташа жас мөлшері қалыңдықтар үшін – 28, ал жігіттер үшін – 31 жас екен. Ерекшелік те жоқ емес, әрине. 2025 жылы өтініш тастап, тағдырын тоғыстырғандардың қатарында 80-ді алқымдаған тұрғындар да бар.

«2025 жылы Алматы қаласында 18 445 жұптың некесі қиылды. Бұл шаһардың осы бағытта бірнеше жылдан бері жоғары кеөрсеткішті сақтап келе жатқанын көрсетеді. Оған жүйеде жасалып жатқан өзгерістер де әсер етіп отыр. Бұдан бөлек, маңызды рәсімді салтанатты түрде атқарғандардың да қарасы қалың. Көбі жаз айларында келеді. Осы мезгілде қосылғысы келген жұптардың саны артады», – деді Бостандық ауданы АХАТ бөлімінің басшысы Әйгерім Әбілсейітова

Атап өтейік, былтыр Алматыда 3 мың жұп некені бұзу туралы өтініш берген. Сала мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіштің өзінде де оң өзгеріс байқалған. Себебі, аңсаған арманына сабырмен жеткендердің арасында ажырасу дерегі аз тіркеледі.

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Дәрі-дәрмек зауыты: Алматыда дәрінің 100-ге жуық түрі өндірілмек