Елімізде астықтан мол өнім жиналды
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр
Жекелеген астық егетін өңірлерде жауын-шашын тапшылығы ұзаққа созылғанына қарамастан, биыл елімізде астық түсімі жоғары болды. Егін жинау науқанының қорытындысы бойынша 24,3 млн тонна астық бастырылды. Әр гектардан орта есеппен 15,6 центнер өнім алынды. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ауыл шаруашылығы министрлігнінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл ауыл шаруашылығы саласы үшін ауа райы қолайсыздау болды деуге негіз бар. Себебі, бірқатар өңірлерде ұзақ уақыт жауын-шашын болмай, құрғақшылық байқалды. Бұл егіс алқаптарының жай-күйіне кері әсер етіп, өнім көлеміне қауіп төндірді.
Соған қарамастан, агротехникалық жұмыстардың уақытылы жүргізіліп, шаруашылықтардың қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуінің және мемлекет тарапынан көрсетілген кешенді қолдаудың арқасында саланың өндірістік әлеуеті өз деңгейінде сақталды.
"Егіншілік саласындағы технологиялық жаңғырту жұмыстары да оң нәтижесін берді. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2,1 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізді. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 66 пайызына тең. Элиталық тұқымдардың үлесі 12 пайызды құрап, жоспарланған 11,6 пайыздық көрсеткіштен асты", - делінген министрлік хабарламасында.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасының көмегімен шаруашылықтар 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 7 пайызға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Егін жинау науқанын уақытылы өткізу үшін өңірлерге 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұдан бөлек, егін жинау кезеңіндегі жауын-шашынға байланысты астық кептіруге қосымша 41,3 мың тонна отын бағытталды.
Биылғы көрсеткіштер өсімдік шаруашылығын дамытуда кешенді қолдаудың және заманауи технологияларды енгізудің маңызын көрсетті.
Ендігі басты міндет - әр гектардан алынатын өнім көлемін арттыру, өндірістік шығындарды азайту және ауыл шаруашылығының климат өзгерісіне бейімделу мүмкіндігін одан әрі күшейту. Бұл бағытта жұмыс үздіксіз жалғасатын болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге арттыру көзделіп отыр