Елімізде астықты теміржол көлігімен тасымалдау көлемі артты

Almaty.tv
Almaty.tv

2026 жылдың сегіз айында теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылдың сегіз айында теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13%-ға артық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр аталған кезеңде тасымалдау көлемі 8,2 млн тоннаны құраған.

Жаңа егін жинау науқанының басталуымен астық тасымалының алғашқы миллион тоннасы жүзеге асырылды. Биылғы жылдың тамыз айында теміржол көлігімен тасымалдау көлемі 1,1 млн тоннаны құрап, өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 35%-ға артты.

Экспорттық тасымалдарда да айтарлықтай өсім байқалады. 2026 жылдың сегіз айында теміржол арқылы сыртқы нарықтарға 7,2 млн тонна астық жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артық (6,3 млн тонна).

Экспорттық тасымалдардың негізгі көлемі Орталық Азия елдеріне тиесілі – 4,8 млн тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 37%-ға жоғары. Атап айтқанда, Өзбекстанға 3,6 млн тонна астық жөнелтілді (+50%), Тәжікстанға – 1 млн тонна (+17%), Ауғанстанға – 655 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4,4 есе көп. Қытайға 558 мың тонна астық тасымалданды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33%-ға артық.

Астық тасымалын тұрақты әрі уақытылы қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі астықты теміржол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі жұмыс тобын құрды.

Жұмыс тобы тасымалдау процесіне қатысушылардың қызметін үйлестіреді, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы мен вагондар паркінің тасымалдау көлемінің артуына дайындығын бақылайды. Астықты біркелкі тиеуді қамтамасыз етуге, вагондардың қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, сондай-ақ олардың стансаларда жиналып және тұрып қалмауына жол бермеуге ерекше назар аударылады.

Оқи отырыңыз: Қазан айында елдегі ұшақтарда интернет таратылады