Елімізде балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны екі есеге азайды

30.05.2025 20:55

Жылда Қазақстан азаматтары мыңнан астам жетім баланы қамқорлыққа алады

Кейінгі он жылда елімізде балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны екі есеге азайған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, жыл сайын Қазақстан азаматтары мыңнан астам жетім баланы қамқорлыққа алған. Ведомство өкілінің айтуынша, балалардың өмір сапасын арттыруға бағытталған өзге де шаралар жүзеге асып жатыр.

 «Балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың саны соңғы 10 жылда екі есеге азайды. Балалар үйінің түлектерін әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» қайырымдылық акциясы еліміздің барлық аумағында іске асырылуда. Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктері енгізілді», – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, елімізде балалардың құқығы мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты жүзеге асыруға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент депутаттары және азаматтық қоғам өкілдері тартылған. Вице-министрдің айтуынша, аталған бағдарлама тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп, әрбір баланы қолдау мен қорғауға ерекше мән береді. Сондай-ақ ол балдырғандардың мүддесіне негізделген тұрақты мемлекеттік саясаттың іргетасы болмақ.

 «Келешекте жүзеге асатын бағдарламаның ішінде сапалы білімге қол жеткізу, балалардың денсаулығы, отбасыларды әлеуметтік қорғау және қолдау, қауіпсіздік, спорт, шығармашылық және балаларды қоғамдық өмірге тарту, отбасының рөлін нығайту, саналы ата-ана болу және әке болуды қолдау сияқты негізгі бағыттар бар», – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Оқи отырыңыз: Соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс саны азайды