Маңғыстауда төрт түлік ұстап, күн көріп отырған шаруалар мал азығына субсидия сұрайды
Маңғыстауда төрт түлік ұстап, күн көріп отырған шаруалар мал азығына субсидия сұрайды. "Шөбі шүйген емес жерде істі жүргізу оңай емес" деп базынасын жеткізген бұқара шығынға шаш етектен батқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сауалбек Жолбергеновтің шаруашылығында төрт түліктің бәрі бар. Ол қыстың қамын ойлап, қоймасына мал азығын жинап жатыр. Себебі қақаған суықта жем-шөп табу қиынға түсетінін біледі. Осы күнге дейін 20 келі кебекті 1500 теңгеден, бір түк шөпті 600 теңгеден сатып алып жүр. Малды қыстан алып шығу үшін шамамен 1 мың түк шөп қажет. Ауылдағы ағайын "жем тасымалмен жеткізілетіндіктен бағасы да едәуір жоғары шығады" дейді.
"Үкімет жылда субсидия беріп тұрса, жеңілдік болады. Былтыр берді, риза болдық, ал биыл тоқтап қалды. Жем-шөп пайдаланамыз. Себебі алдағы ауа райын ешкім білмейді", – деді шаруа қожалығының иесі Сауалбек Жолбергенов.
Ал "Ескелді" шаруа қожалығында жем-шөптен кейінгі мәселе – су тапшылығы. Бәлибек Есенгелдиев тіршілік нәрін аудан орталығы Шетпеден тасымалдайды. Ол жер асты суын пайдалану үшін әр метріне 17 мың теңге төлеп, 80 метр тереңдікке дейін құдық қаздырған. Бірақ су шықпады.
"1 млн 360 мың теңге желге ұшты. Қысқа қарай су таситын көлік әкелген суды ішеді, жазда 3 көлік су әкеледі. "Жер алсақ, су шығарып аламыз ба?" деп ойладық. Бірақ 150 метрден кем жерден су шықпайтын сияқты. Бұрын болған 20 процентін шаруа қожалығы төлейді де, 80 процентін Үкімет көмектесетін. Қазір 50/50, шаруаларға өте қиын, – деді шаруа қожалығының иесі Бәлибек Есенгелдиев.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұған дейін мал азығын субсидиялау төтенше жағдай жарияланғанда немесе аномальды табиғи жағдай туындағанда ғана берілетін. Жуырда бұл қағидаға өзгеріс енгізілген. Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Ұлытау өңірлеріндегі шаруаларға Үкімет көмек бермек.
"Маңғыстау облысы бойынша 1 млрд 200 млн теңге субсидия қарастырылған. Оның 392 млн теңге былтырғы өтінімдерден қалған резервтерге субсидия берілген. Қалған 800 млн теңге облыс әкімінің қаулысы дайын болғаннан кейін беріледі", – деді ҚР АШМ Мал шаруашылығы салаларын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Жақып.
Демек шамамен бір айдан соң мал баққан шаруаға жем-шөп үшін демеу қаржы беріледі. Үкімет сондай-ақ шалғайдағы жайылымдық жерлерді игеруге және жер асты суын пайдалану мақсатында құдық қазуға кеткен шығынның жартысын өтеп береді. Ол үшін өтінім қаңтарда қабылданады.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда кезекте тұрғандарға жаңа пәтердің кілті табысталды