Елімізде электронды сауда 14% өсті

14.10.2025 11:50

Бөлшек сауда айналымының маңызды драйверлерінің бірі – электронды сауда болып отыр

Depositphotos

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сауданың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, 9 айда сауда саласының нақты көлем индексі 108,8% болды. Номиналды түрде сауда көлемі 52,8 трлн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5% өсім көрсетті.

"Мұндай өсім елдің барлық өңірде байқалады. Әсіресе сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер — Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары. Аталған бес өңірдің үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3% немесе 37,6 трлн теңге тиесілі", – деді А.Шаққалиев.

Көтерме сауда көлемі 35 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6% артты. Негізгі өсімге шикізаттық емес тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар үлес қосқан. Бұлардың үлесі шамамен 82% құрайды. Қыркүйек айында шикі мұнай мен табиғи газды өткізу көлемі азайған.

Бөлшек сауда да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сауда кәсіпорындары арқылы сату 6,7% өсті, жеке кәсіпкерлер арқылы, оның ішінде базарларда жұмыс істейтіндерді қосқанда 8,1% астам деңгейінде қалыптасты. Өңірлер бөлінісінде бөлшек сауда айналымы бойынша алғашқы үштікке Алматы (32,8%), Астана (14%) және Қарағанды облысы (7,3%) кірді, – деді Сауда министрі.

"Сонымен бірге, бөлшек сауда айналымының маңызды драйверлерінің бірі – электронды сауда болып отыр. Жедел бағалау деректеріне сәйкес, осы жылдың 9 айында онлайн-сатылым көлемі шамамен 2,7 трлн теңге болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% жоғары" – деді спикер.

 Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері 60,5 млн тонна мұнай экспортталды