Экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша 2026 жылдан бастап халықтың нақты табысы жыл сайын 2-3 пайызға өседі
Елімізде ең төменгі жалақы көбейеді. Алайда Үкімет бұл мәселені тек 2027-2028 жылдары қолға алмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Премьер-министрге алдағы үш жылда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға арналған жоспарды таныстырған Экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деді. Сөзінше, 2026 жылдан бастап халықтың нақты табысы жыл сайын 2-3 пайызға өседі. Вице-премьер баспасөз мәслихатында ең төменгі жалақыны көтерудің неліктен кейінге шегерілгенін түсіндірді. Оның айтуынша, мәселе – мемлекеттік қаржының қазіргі жағдайында және 2026 жылдан басталатын реформалардың әсерінде. Келесі жылы жағдайдың қалай болатынын бағамдау керек екенін айтты.
«Салықты қалай жинаймыз, біріншіден? Екіншіден, нарықта сыртқы, ішкі жағдай қалай болады? Сол себепте мәселені 2027-2029 жылдарға арналған жаңа бюджетті бастағанда қарастырамыз. Әрине, оны шешуге тырысамыз.. Себебі уақыты келді. Бірақ қалай, қаншаға көтереміз, оны реформаның қорытындысы көрсетеді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бірлескен бағдарламасында инфляцияны төмендетіп, теңгерімді тарифтік саясатты жүргізуге, экспортты арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетуге назар аударылғанын айтты. Ол жауаптыларға отын балансы мен мұнай өнімдерінің ағынын қатаң бақылауды тапсырды. Одан бөлек, Премьер-министр жауаптыларға сыртқы факторлардың бағаға әсерін барынша азайтуды жүктеп, коммуналдық қызметтерге келгенде тарифтердің шекті үлесі сақталуы тиіс екенін баса айтты.
«Жанар-жағармай материалдарының бағасын көтеруге енгізілген мораторийді ескеретін болсақ, көршілес елдермен арадағы баға диспаритеті күшейіп келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің бензин мен дизель көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан Энергетика, Сауда, Қаржы, Ішкі істер министрліктері мен Қаржылық мониторинг агенттігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі отын балансына және мұнай өнімдерінің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне қатаң бақылауды қамтамасыз етуі қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Үкімет экономиканың өсуі мен қазақстандықтардың жалақысы арасындағы алшақтықты жоюға ниетті