Ер азаматтарға декреттегі уақыты үшін еңбек өтілі есептелінеді

19.11.2025 19:40

Мәжілісте Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды

Енді әкелерге де декреттегі уақыты үшін еңбек өтілі есептеледі. Бүгін Мәжілісте Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Депутат Асхат Аймағамбетов қолданыстағы құжатта 3 жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған ананың бұл кезеңі еңбек өтілі ретінде есептелетінін, ал әкелер үшін мұндай құқық қарастырылмағанын айтты. Сондықтан да халық қалаулылары заң жобасына осындай норма енгізген. Депутат бұл тетік мыңдаған азаматтың құқығын қорғайтынын айтты.

«Ертең зейнеткерлікке шыққанда саналатын стажын есептеу мүмкіндігін береміз. Яғни, ол 3 жасқа дейін сол кішкентай баламен отыратын болса, сол баламен отырған стажы саналатын болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов

Азаматтық-құқықтық шарт бойынша еңбек ететін азаматтардың құқығын қорғау үшін құжатқа бірқатар өзгерту енгізіледі. Асхат Аймағамбетов келісімге сай, маман жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді, бірақ қағаз жүзінде ол «қызметкер» емес, «мердігер» болып саналады дейді. Сөзінше, мұндай қызметкерлер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады. Яғни, еңбек демалысына, декретке шыға алмайды. Зейнетақы жарнасы аударылмайды, медициналық сақтандыруы болмайды. Сондықтан депутаттар нақты тетік ұсынып отыр. Заңда егер азамат штаттағы қызметкерлер сияқты таңнан кешке дейін жұмыс істесе, онда азаматтық-құқықтық емес, ресми еңбек шарты негізінде еңбек етуі керек делінген.

«Еңбек заңнамасына байланысты еңбек қатынастары болса, оны ГПХ-мен емес, оны жаңағы еңбек келісімшарттары міндетті түрде қол қойылуы керек. Сонда азамат қорғауға алатын болады. Әлеуметтік кепілдіктері оған берілетін болады. Бұл азаматтарды қорғау үшін керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Елімізде ең төменгі жалақы қанаш өседі