Елімізде "Мектепке жол" республикалық акциясы басталады

31.07.2025 20:53

Қайырымдылық акциясы әлеуметтік осал санаттағы балаларға қолдау көрсетуге бағытталған

Аlmaty.tv

1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде жыл сайынғы республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл – жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілетін республикалық қайырымдылық акциясы. Ол әлеуметтік осал санаттағы балаларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Өткізу мерзімі:

  • 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығы

Акцияның мақсаты – мектепке дайындық кезеңінде қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсете отырып, олардың білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Кімдерге көмек көрсетіледі:

  • Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар;
  • Мүгедектігі бар балалар;
  • Төтенше жағдайлардан зардап шеккен балалар;
  • Қиын өмірлік жағдайға тап болған өзге де балалар.

Көрсетілетін көмек түрлері:

  • Мектеп формасы;
  • Канцеляриялық құрал-жабдықтар;
  • Сөмке, аяқ киім, оқулықтар;
  • Материалдық және өзге де атаулы көмек.

Қатысушылар:

  • Мемлекеттік органдар;
  • Кәсіпкерлер мен бизнес құрылымдары;
  • Қоғамдық ұйымдар;
  • Ерiктiлер;
  • Жеке азаматтар.

Акция бойынша көмек алу немесе көмек көрсету үшін өңірлік білім басқармаларына, жалпы білім беретін мектептерге, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) жүгінуге болады.

Көмек тек ата-аналардың (заңды өкілдердің) өтініші немесе мұқтаждық анықталған жағдайда атаулы түрде көрсетіледі.

Айта кетерлігі «Мектепке жол» акциясы 16 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған балаға жаңа оқу жылын сеніммен және қуанышпен бастауға мүмкіндік беріп келеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада тарихи жетістікке қол жеткізді