Қазақстандықтар үшін депозиттер ең танымал жинақ түріне айналып барады. Елімізде қаржысын банкте сақтайтындар саны жылдан жылға артып келеді. Биыл тоғыз айда отандастарымыздың қаржы ұйымдарындағы жинағының жалпы көлемі 26,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл банктердегі барлық салымдардың 58, 4 пайызы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тірнектеп жиған ақшаны түймешекке орап, жастықтың астында сақтау әдісі бүгінде ескірді. Нарық дамыған сайын қарапайым адамдар да банк жүйесімен жұмыс істеуді үйреніп келеді. Жыл басынан бері азаматтардың депозиті 6,3 пайыз өскен. Ранкинг.кз ақпараты бойынша, көш бастап тұрған қаржы ұйымына тоғыз айда азаматтар 380 млрд теңгеге жуық қаржысын құйған. Халық көп сенім артатын екінші банктегі депозит көлемі жыл басынан бері 334 млрд теңгеден асыпты. Үздік үштікке кіретін банкке халықтың салған қаражаты 300 млрд теңге. Еліміздегі 23 қаржы ұйымының 14-і депозит бойынша өсім көрсетіп отыр. Мұндай өзгерістің себебін мамандар келесідей түсіндіреді. Баға шарықтап тұрған уақытта адамдар қолдағы ақшасын құнсызданудан қорғауды ойлайды. 12,9 пайыздық инфляция кезінде банктердің басым бөлігі депозитке 15 пайыздық табыс беріп отыр. Бұл қаражатты қымбатшылықтан сақтап қана қоймай, белгілі бір мөлшерде табыс табуға да мүмкіндік береді.
«Күнделікті құртпайтын ақшамды депозитте сақтаймын. Дұрыс емес деп жатады, бірақ маған тиімді», – деді қала тұрғыны
«Шынымды айтсам, соңғы кезде табысымды депозитке салсам деп ойланып жүрмін. Себебі, теңге құнсызданып бара жатыр. Қазір депозитім жоқ. Алда ашу ниетім бар», – деді қала тұрғыны.
Адал еңбекпен тапқан ақшасын әр адам қайда сақтап, қалай жұмсайтынын өзі біледі. Бір анығы, халықтың қаржылық сауаттылығы артқан сайын банктердің тиімді ұсынысына сұраныстың да арта берері анық.
Оқи отырыңыз: Ипотекалық бағдарламаның талаптары өзгерді