Елімізде халықаралық олимпиадаларда орын алған оқушыларға қанша сыйақы беріледі

19.08.2026 14:40

Сыйақы көлемі оқушының алған медаліне қарай есептеледі

Елімізде халықаралық олимпиадаларда орын алған оқушыларға 6,5 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сыйақы көлемі оқушының алған медаліне қарай есептеледі. Алтын жүлдегерге 6,5 млн теңгеге дейін, күміс медаль иегеріне 4 млн теңгеден астам, ал қола жүлдегерге 2 млн теңгеге дейін төленеді. Мұндай қолдау шарасы оқушылардың халықаралық аренадағы нәтижелеріне де тікелей әсер етеді.

Соңғы статистикаға сүйенсек, 2025–2026 оқу жылында қазақстандық білім алушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1059 медаль жеңіп алыпты.

«Олимпиада жеңімпаздарына медалінің деңгейіне байланысты 500-ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде біржолғы сыйақы тағайындалды. Бұл –Мемлекет басшысының дарынды жастарға ерекше қамқорлығы. Жүйелі қолдау біздің оқушыларымыздың халықаралық зияткерлік жарыстардағы нәтижелерінен айқын көрінеді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: 6,1 млн адам қатысып, 813 мың тоннадан астам қоқыс жиналды

Толық көрсету