Елімізде мүгедектік рәсімдеудің қиындығы неде

Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар бүлдіршіндерді психиатриялық мекемеге жатқызуға түбегейлі қарсы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл ел бойынша мүгедектікті рәсімдеуге қатысты 21 мыңнан астам өтінім сырттай қаралған. Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамаға тіркелу тәртібі цифрланғанымен, оның шешімімен келіспейтіндер әлі де бар. Бірі денсаулығындағы айқын өзгерісті жыл сайын дәлелдеуге мәжбүр болса, енді бірі ерекше баласына тиесілі көмекті алу үшін күрделі талаптардан өте алмай жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін жиі айтамыз. Ал олардың үніне құлақ асып жатқандар бар ма? Бар болса, аяғы тізеден жоғары кесілген азамат өзіне тиесілі мүгедектік тобына өте алмай жүре ме? Ал ерекше бала тәрбиелеп отырған ана әрі заңгер барлық құқықтық талаптарды білсе де, баласына мүгедектікті неге рәсімдемеген? Бүгінгі кейіпкеріміз «мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы да шектеліп жатыр» дейді.

Бұл – Бекбол Нұрсейіт. Оған 2017 жылдың шілдесінде «оң жақ асықты жілік диафизінің саркомасы» диагнозы қойылып, сол жылдың қараша айында операция жасалған. Бас-аяғы 4 отадан кейін, аяғын тізеден жоғары кесуге мәжбүр болған. «Бұған дейін үшінші топ мүгедектігін рәсімдеткен ол медициналық қорытындыда еңбекке жарамсыз екені жазылса да, сол санатта қалдырылыпты. 2-топ мүгедектігі берілмеді деп жанайқайын жеткізген азамат, 3-топтағыларға да айтарлықтай көмек көрсетілмейді деп отыр. Тіпті инватаксиді де пайдалана алмайды екен.

«Үкімет 3-топ мүгедектігін берді. Жұмыс жасай алмаймын, балдақпен жүргеннің өзінде қиналамын. Инватакси берілмейді. Көшеге шыққан кезде, тісімді емдетуге, тағы басқа жерлерге барсам, ақша төлеймін», – деді ¤қала тұрғыны Бекбол Нұрсейіт.

 «Адамның өзін мүгедек ретінде тану – ауыр жағдай. Ал денсаулығымның дімкәстігін басқаларға дәлелдеу тіптен қиын екен» деген азамат медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы өкілдеріне өкпелі. Бұған жауапты мамандар көп жағдайда құжат рәсімдеудегі қателіктер себеп болғанын айтты.

«Науқастарды тексеруден дұрыс өткізбеген, құжаттары толық емес, МРТ, КТ деген қорытындылары сәйкес емес. Сонымен қатар негізгі диагнозға сараптамаға жолданған науқастың объективті жағдайы сәйкес келмей жатады. Сол кезде негізсіз деп танылып, науқасқа тиімді шешім қабылданбайды. Ондай жағдайлар бар», – деді Медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамалық және бақылау бөлімінің басшысы Рима Ниязбекова.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандырудың ресми статистикасына жүгінсек,  биыл алғашқы 4 айда МӘС тарапынан 7651 мемлекеттік қызмет жүргізілген. Оның ішінде 1609 адам алғаш мүгедектік тағайындауға, 5525 жан қайта сараптамаға жолданған, жеке оңалту бағдарламасын тағайындауға жолданғандар саны -137 адам. Сараптамаға  негізсіз жолданғандар да бар. Олардың саны-58, оның ішінде көзбе-көз-48, сырттай  проактивті-10 адам бар. МӘС шешімімен  келіспей қалалық әдіснама және бақылау бөліміне шағымданғандар саны -129 адам, оның ішінде 6 шешім өзгертіліпті.

Бүгінгі кейіпкеріміз «заңгерлердің көмегіне жүгініп, 2-ші топқа шыққым-ақ келеді, бірақ оларға төлейтін қаражатым жоқ, оның үстіне адвокаттармен әр кабинеттің есігін торуылдап жүруге шамам да жетпейді» дейді. Бұл – Бекболдың ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортақ мәселесі.

«Құқықтық ақпараттандыру үшін жеке сайт болса, ол жақта цифрлық түрде мәліметтерді енгізу, керек мәліметті алу немесе оған қажетті ақпарат тұратын болса, онда ол адамдарға қосымша шығын, әуре болмайды ғой. Дәл жаңағы адвокат жалдауым керек деген психологиялық барьер ол кісіні ары қарай күресуден бас тартқызады», – деді заңгер Инга Иманбай.

 Ал аутизм белгісі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың жанайқайына кім құлақ асады? Ерекше балаларға ерекше жағдай жасалған ба? Олардың қоғамға бейімделуі үшін жүйелі қолдау көрсетілмеген күннің өзінде, мемлекет тарапынан қаржылай көмекке қол жеткізу неге қиын? Қайсыбір ата-ана өз баласын мүгедектікке қисын? Бірақ тағдырдың жазғанына мойынсұнған ата-аналардың өзі балаларына мүгедектік тағайындай алмай отыр.

«Мемлекеттік-әлеуметтік жеңілдіктерді алу үшін балама мүгедектікті жасайын десем, баламды екі аптаға психиатриялық клиникаға жатқызу керек екен. Әрине, мен саналы түрде одан бас тарттым. Себебі  баламды ондай қауіп-қатерге және түсініксіз жағдайға қалдыра алмаймын», – деді заңгер Инга Иманбай.

 Бір ай бұрын мәжіліс отырысында үш бірдей депутат аутизм белгісі бар балалардың мәселесін көтерді. Сол жиында депутат Гүлдара Нұрым ресми статистика келтірген еді. Бүгінде 21 мыңнан астам бала аутизммен есепте тұрса, соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 5 есеге артыпты. Бұл жай статистика емес, әлеуметтік маңызы бар сандар. Осы ретте депутат «балалардың болашағы қандай болады?» деп алаңдаушылық білдірді.

«Осындай мүгедектігі бар балалар үшін кешекнді көмек көрсету туралы мәжілісте заң жобасы қаралып жатыр. Заң жобасының аясында көптеген норма талқылануда.Тезірек көмек берсек, емделсе,балалар ауыр жағдайға тап болмайды,  жазылып кетеді деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар бүлдіршіндерді психиатриялық мекемеге жатқызуға түбегейлі қарсы. Айтуларынша, оларды қоғамнан оқшауламай, керісінше жан-жақты дамытатын, бейімдейтін орталықтарға апару керек. Заңгерлер де аяқ-қолынан айырылған азаматтарға мүгедектікті жыл сайын қайта дәлелдеудің қисыны жоқ деп отыр. Себебі ампутация жасалған дене мүшесінің қайта қалпына келмейтіні белгілі. Демек мұндай жағдайда мүгедектік өмір бойына рәсімделуі керек деген ұсыныс білдірді.

Айжан Дайрабай, Ернат Болатбек, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматыда мейрамханаларда қатты және сұйық отын жағуға тыйым салынады

Новости партнеров