Елімізде оқушылардың халықаралық олимпиадалардағы жетістігі еселеп артты

Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе артыпты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық оқушылардың әлемдік олимпиадалардағы нәтижесі айтарлықтай өскен. Олар былтыр 7 халықаралық пәндік сайыста 4 алтын алса, биыл 9 медаль таққан. Жалпы өткен оқу жылында жеткіншектер шетелдердегі додалар мен ғылыми конкурстарда мыңнан астам медаль жеңіп алған. Ал ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе артыпты. Мұндай деректер Астанада өткен республикалық тамыз конференциясында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұстаздар бас қосқан жиында Мемлекет басшысы саладағы жетістіктерді баяндап қана қоймай, әлі күнге дейін шешімін таппай отырған біраз түйткілге тоқталғанды жөн көріпті. Ол «алдымен кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет «деді. Жауаптыларға педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыруды жүктеп, аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет деп баса айтты. Президент ұстаздарды қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, пайдасыз тексерістерден босатуды міндеттеді. Сондай-ақ реформа үшін реформа жасауды доғару керек деді.

«Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы қажет деп мен ойлаймын. Әрбір реформаны, әсіресе, білім саласындағы реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет. Оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек. Реформа, бұл – бастапқы сынақ, эксперимент емес, бұл – жауапты шешім мен іс-шара», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні ермек емес, нақты мүмкіндік пен кіріс көзіне айналдыру қажет деді. Осы ретте Үкімет орта білім беру жүйесінде нейрожеліні қолданудың бірыңғай тәртібін енгізуі керек. Десе де, қазірдің өзінде мектеп мұғалімдері ЖИ-ді көмекші құрал ретінде пайдаланып жүр екен.

«Ұстаз өзінің сабағын бергеннен кейін, сол сабақ қалай өтті, қанша бала қанша пайызға жауап берді, оған қызығушылығы қандай болды? Тақырып қамтылды ма? Пәндік сабақтың берілу кезеңдері, яғни таныстырылым, қорытындылау, негізгі түсіндіру жұмыстары деген сияқты алты кезең қамтылды ма және осы арқылы педагог енді алдағы уақытта нені ескеруі керек? Қандай сұрақтарды меңгеруі керек деген сияқты жауаптар ала алады», –  Атырау облыстық Білім басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Көз майын тауысып, шәкірт даярлап жүрген ұстаздарды мемлекет жан-жақты қолдап келеді. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізіліп, үш мұғалім «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған. Бүгін де Президент ғалым да, шахтер де бас иіп құрмет көрсеткен жандарға мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың арасында Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Нұрым мектебінің мұғалімі Айнагүл Уәлибаева да бар. Бүгін оның 37 жылдық ерен еңбегі еленді.

«Өте керемет сезімде тұрмынр. Неше жылғы еңбектің ақталғаны деп ойлаймын. Нұрым мектебі жаңадан салынған. Облыс көлемінде техникалық жабдықтармен өте жақсы жабдықталған сыныптар, кабинеттер бар,  интернет жүйесі істеп тұр. Смартфондары бар балалардың, жұмыс істейді. Жасанды интеллектерді қолдана біледі»,  деді тарих-география пәнінің мұғалімі Айнагүл Уәлибаева.

Соңғы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы 3 есеге артқан. Тек кейінгі бес жылда елде мыңнан астам мектеп бой көтерген. Бұл – бір миллионнан астам баланың жаңа әрі заманауи нысандарды білім алуына мүмкіндік берді. Президент білім ошақтарының құрылысы алдағы уақытта да жалғасып, тіпті келесі жылы қарқынды жүргізілетінін айтты. Уақытты созбау керек деп сөзін түйді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Президент өскелең ұрпақты қандай қасиеттерге тәрбиелеу керек екенін айтты