Жамбыл облысындағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі күшейтілді

Өңірдегі барлық мектептің бейнебақылау жүйесі облыстық жедел басқару орталығына қосылып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысындағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі күшейтіліп жатыр. Полиция департаменті өңірдегі 531 мектеп пен колледжге мониторинг жүргізіп, тәртіпті қадағалауға 730 қызметкерді жұмылдырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар оқу орнындағы құқық бұзушылықтың алдын алады. Сондай-ақ өңірдегі барлық мектептің бейнебақылау жүйесі облыстық жедел басқару орталығына қосылып жатыр. Камераларға бет-жүзді тану функциясы енгізілген. Іздеуде жүрген қылмыскер немесе қауіп төндіретін жағдай тіркелсе, жүйе хабарлама береді. Алдағы уақытта бейнебақылау арқылы өрт, буллинг және басқа да құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтау жүйесі енгізілмек.

Айта кетейік, облыста өткен оқу жылында 3 жасөспірім қаза болған. Бірі колледж студенті болса, қалған екеуі мектеп оқушылары.

«ІІМ тапсырмасына сәйкес облыс аумағындағы барлық мектептердегі бейнебақылау камералары 100 пайыз толықтай жедел басқару орталығына қосылу процесі жүргізілуде. Онлайн барлық мектептерді бақылап құқық бұзушылықтардың, буллингтің алдын алып, тез арада әрекет жасауға мүмкіндік береді», - деді Полиция департаменті Жедел басқару орталығының аға инспекторы Саясат Есімбеков.

Оқи отырыңыз: Елімізде оқушылардың халықаралық олимпиадалардағы жетістігі еселеп артты