Елімізде су инфрақұрылымын дамыту бойынша 220-дан астам жоба іске асырылып жатыр

12.03.2026 14:36

Мемлекет басшысы су шаруашылығы нысандарын жаңғырту күшейтілгенін айтты

Аlmaty.tv

«Мемлекетіміз ел өміріне қажетті аса маңызды инфрақұрылымды жаңғырту үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шараларды қолға алды». Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды  Almaty.tv.

«Су – тіршілік көзі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Қазақстан жер көлемі жағынан ірі мемлекет болғанымен, елімізде су көздері аз, тіпті, тапшы деуге болады. Сондықтан халыққа сапалы ауыз су беру, экономика салаларын су ресурсымен қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттер саналады.

Былтыр Кендірліде су тұшыту зауыты іске қосылды, соның арқасында Жаңаөзен қаласы тұрақты ауыз сумен қамтылды. Биыл күзде Шардара су құбыры жұмыс істей бастайды, яғни қаланың 30 мың тұрғынына таза ауыз су беріледі», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мемлекет еліміздегі бүкіл су инфрақұрылымы жүйесін дамыту үшін нақты шаралар қабылдауда.

«Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Көксарай су қоймасында жаңғырту жұмыстары басталды, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл облыстарында су қоймалары салынып жатыр.

Ауыл шаруашылығына орасан зор пайда әкелетін осы жобалар келесі жылы аяқталып, ел кәдесіне жарай бастамақ. Биыл су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары бойынша 220-дан астам жоба жүзеге асырылып жатыр», - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Шетелден инвестиция тарту бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр - Президент