Олардың заңсыз кірістерге, есірткіге, радикалды топтарға және құмар ойындарға қатысы бар-жоғы анықталады
Елімізде судья болғысы келетін кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді. Үміткерлер туралы ақпараттар құқық қорғау органдарының мәліметтер базасы арқылы тексеріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде сот саласының мамандары тапшы. Кейінгі 4 жылда республика бойынша 350-ге тарта судьяның орны бос тұр. Мұндай мәселе әсіресе алыс аудандарда бар көрінеді. Салдарынан әділет саласында жүктеме көбейген. Жағдайды өзгерту үшін Жоғары сот кеңесі судьяларды қабылдауға арналған конкурстарды арттырған. Бұған дейін іріктеу жылына 2 рет қана өткізіліп келсе, енді бір жылда 6 рет өткізіледі. Сондай-ақ біліктілік емтиханын тапсыру мерзімі 1 жарым жылдан 3 айға дейін қысқарған.
«Біздің нақты талабымыз бар. Әрине, судьяларды іріктеу кезінде азаматтардың пікірін және соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің көзқарастарын ескереміз. Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған қандай да бір теріс мәліметтер болса, оны да мұқият тексереміз. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты ақпараттар да назардан тыс қалмайды», – деді ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов.
Судьяларға қойылатын талаптар санға емес, сапаға негізделген. Бұған дейін тестілеуден үміткерлердің шамамен 50 пайызы өтсе, енді тек 20 процент судья ғана іріктеуден өтетін болған. Жоғары сот кеңесі Президент тапсырмасымен құрылған кассациялық соттардың да судьяларын іріктеген. Оған ел бойынша 334 тәжірибелі маман қатысып, оның ішінен практикалық тәжірибесі, судьялық өтілі, сот төрелігін сапалы жүзеге асырып, судьялық этиканы сақтаған ең мықтылары ғана суырылып шыққан.
«Конкурс жарияланғаннан кейін үміткерлерден құжаттар мен өтініштер қабылданады. Бұл кезеңде олардың кәсіби біліктілігі мен моральдық қасиеттері де тексеріледі. Бағалау жүйесі балдық негізде жүргізіледі. Әрбір үміткердің жинаған балы есептеледі, бірақ нақты балл көрсетілмейді. Үміткерлердің рейтингін анықтауда олардың сот төрелігін жүзеге асырудағы сапасы, ұзақ мерзімді судьялық тәжірибесі және Жоғарғы Соттың оң қорытындысы ескеріледі. Осы рейтинг негізінде тәжірибелі судьялар қызметке тағайындалады», – деді ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі Алтын Айтуарова.
Кассациялық соттың судьялары қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарайды. Олар заңды күшіне енген сот актілері бойынша істерді қайта қарап, сот қателіктерін анықтап, оларды түзетуге жіберіп отырады. Яғни, енді апелляциядан әділдік таппаған азаматтар кассациялық сотқа жүгіне алады.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Берденовтың соты: сотта жауап берген куәгер тың дерек айтты