Елімізде туризмге тартылған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асты

20.05.2026 12:16

Қонақүйлерге орналастырылған ішкі туристер саны 8,6 млн адамды құрады

Аlmaty.tv

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда туризм саласының негізгі көрсеткіштерінің өсуі байқалды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының м.а. Нұрбол Байжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның мәліметінше, қонақүйлерге орналастырылған ішкі туристер саны 8,6 млн адамды құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 700 мың адамға артқан. Қонақ үй қызметтерін пайдаланған шетелдік туристер саны 1,4 млн адамға жетіп, 130 мың адамға көбейген.

«Жалпы, әртүрлі туристік мақсаттармен елімізге 15,7 млн шетелдік азамат келді. Бұл көрсеткішке жұмыс істеуге немесе тұрақты тұруға келген азаматтар кірмейді. Олардың ішінде 11,1 млн адам шетелдік туристер ретінде жіктеледі. Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350 млрд теңгеден асады, өсім – 50 млрд теңгеден астам. Орналастыру орындарының саны 4 482 бірлікке жетті», – деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

Сонымен қатар 2025 жылы туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-дан артық болған, жалпы сомасы 1,256 трлн теңгені құрады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан секіру дисциплинасынан Азия чемпионатын қалай аяқтады