Үш сағаттан астам уақытқа созылған отырыста Сәденов саладағы оң өзгерістерден бөлек мәслелерге де тоқталды
Енді көңіл көтеру орындарында ішімдік сату уақытына шектеу қойылуы мүмкін. Мұндай ұсынысты бүгін Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкімет сағаты көшпелі форматта өтіп, мәжіліс депутаттары Ішкі істер министрлігінің ғимаратына келді. Еліміздің бас полицейі Ержан Сәденов баяндамасында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаруаларды тізіп шықты.
Үш сағаттан астам уақытқа созылған отырыста Сәденов саладағы оң өзгерістерден бөлек мәслелерге де тоқталды. Мысалы елімізде 4,5 мың учаскелік полиция тапшы. Ал қазір қызметте жүргендерінің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес. Оларға 326 учаскелік пункт, 2 мың көлік, екі жарым мың компьютер, 2 мыңнан астам радиостанса ауадай қажет. Министр жағдайды жергілікті әкімдердің алдында бірнеше рет айтып, жеке-жеке хат жолдаса да мәселенің түйіні шешілмепті. Одан бөлек, күн-түн демей жолдағы қауіпсіздікті, қоғамдағы тәртіпті қадағалайтын сақшылар жетіспейді. Қазірдің өзінде 8 мыңнан астам патрульдік полицияның орны бос тұр.
«Ішкі істер саласы ресурстардың жетіспеушілігіне қарамастан жұмыс істеп жатыр. Жалақыға қатысты мәселелер бар, тұрғын үй төлемдеріне қатысты да сұрақтар туындап отыр. Әлі күнге дейін барлық қызметтерге бірдей тұрғын үй төлемі берілмейді. Қару-жарақ сатып алу сияқты мәселелер де бар», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Халық қалаулысы Жанарбек Әшімжан «ішкі істер саласына аз қаржы бөлініп жатқан жоқ» дейді. Сөзінше, білім, ғылым, денсаулықтан қаржы барынша қысқартылып, қоғамның тыныштығы үшін көптеп бөлінеді. «Сонда да салада жемқорлық азаймай тұр» деп ашынған депутат министр Ержан Сәденовке шүйлікті. Оның айтуынша, органда жұмыс істейтін әрбір бесінші қызметкер бармақ басты, көз қысты әрекетке баратын көрінеді.
«Сіз басқарып отырған көші-қон, жол полициясы, учаскелік әсіресе инспекторларға қатысты көңіл толмайтын, қоғамның полицияға деген сенімі жоғалып бара жатқаны мәселе аз емес. Әлеуметтік, материалдық-техникалық базаны реттеу бағытында көптеген қаржы берілді. Ішкі істер қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын реттеуге кең көлемде жағдай жасалып жатыр. Әрине, полиция қызметкерлерінің жұмысын бәрін бірдей жоққа шығаруға болмайды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Министр полицейдің бәрі антына адал емес екенін мойындайды. Ал депутат Снежана Имашева әріптесі Жанарбек Әшімжанның «қоғамның полицияға деген сенімі жоғалып бара жатыр» деген сөзімен аса келісе қоймайтындай. Өйткені оның өз есебі бар.
«Әлеуметтік сауалнамалар азаматтардың полицияға деген сенім деңгейі едәуір артты дейді. Егер ол бұрын 38 пайыз болса, қазір 64 пайыз азамат полицияға сенетінін айтқан. Демек қалғандары ішінара сенеді немесе мүлде сенбейді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Снежана Имашева.
Десе де, Снежанна Имашева саладағы жемқорлықты жоққа шығармайды. Оның дерегінше, соңғы алты жылда елде парамен ұсталғандардың шамамен 20 пайызы полицейлер екен.
Айта кетейік, Үкімет сағатында Ержан Сәденовке 22 депутат сұрақ қойса, тағы 20-дан аса мәжілісменге уақыт жетпей қалды. Өз кезегінде министр жауапсыз қалған сауалдарға жазбаша жауап беруге уәде берді.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: «Өлімші етіп сабаған: ұлының денсаулығына алаңдаған ана жабылып ұрғандарды жазалауды талап етті