Алматыда теннистен ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирі өтіп жатыр

Додада әлемнің 15 елінен 64 спортшы бақ сынайды,

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда теннистен ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирі өтіп жатыр. Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған дүбірлі додада әлемнің 15 елінен 64 спортшы бақ сынайды, деп хабарлайды Almty.tv тілшісі.

Алматыда осыдан шамамен 100 жыл бұрын қазақ теннисінің іргетасы қалана бастады. Бүгінде алып мегаполис ауқымы кең, халықаралық жарыстарды өткізу құрметін иеленіп отыр. Бұл жолғы дүбірлі дода Алматы Аренада ұйымдастырылған. Онда әлемнің 15 елінен 64 теннисші келіп сынға түсіп жатыр. Отандастарымызды қолдап, қызу тартысты тамашалауға қала әкімі Дархан Сатыбалды да келді.

«Турнирге мықты-мықты теннисшілер келді, олардың қатарында былтырғы ATP 250 Almaty Open турнирінің чемпионы Карен Хачанов, 2021 жылғы үлкен дулыға турнирінің чемпионы Даниил Медведев, италиялық теннисші Коболли және бізідң қазақстандық Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев, Тимофей Скатов, Әмір Омарханов, Денис Евсеев сынды теннисшілер еліміздің намысын қорғап жатыр», – деді  Қазақстан теннис федерациясының баспасөз хатшысы Асқар Ағатаев.

Жаһандық жарысқа дайындық қыркүйекте басталған. «Ал тартысты ойынды көруге келген келушілер саны былтырғыға қарағанда едәуір артқан.

«Жалпы 6 мыңға жуық адам сыйғызатын аренаға орын дайындадық. Турнирде екі ойын корты және де үш корт бар, практис корт деп айтамыз, біздің ойыншылар ойын кезінде жаттығуға арналған», – деді ATP 250 Almaty Open турнирінің техникалық директоры Бейбарыс Исламов.

Бұдан бөлек, ойын өтіп жатқан Алматы аренаның маңайы түрленді. Ондағы халық лэд экрандардан тартысты тамашалап, дәмді тағамнан ауыз тиіп, түрлі ойынға қатысуға, көңіл көтеруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ жас теннисшілер үшін шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

«Халықаралық теннис турнирі өтіп жатыр. Өте қызықты. Біздің командамызға тек қана сәттілік тілейміз. Жақсы орындар алсын. Жалпы барлық организацияға ризамын. Бүгін балалармен теннис түрнирін көріп жатырмыз. Ауа райы да керемет болып тұр», – деді қала тұрғыны Динара Сәмекова

Айта кетейін, халықаралық турнирдің жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларынан асады. Сондай-ақ тек ақшалай сыйлық емес, жеңімпаз атанған теннисшілер ATP тізімінде 250 ұпайға ие болады.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматыда «Алатау» теннис орталығының ашылды

 

 

Новости партнеров