«Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі». Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан маңызды ойдың бірі. Мемлекет басшысы сол жиында ұстаз мәртебесін көтеруге қатысты өзекті мәселелерге тоқталған. Бүгінде педагогтер ұстаз беделінің жылдан жылға артып келе жатқанын айтып отыр. Жиынға арнайы қатысқан бастауыш сынып мұғалімі Нұрсәуле Азатқызы Президенттің «педагог ең алдымен балаға сапалы білім беруге көңіл бөлуі керек, сондай-ақ аттестаттау тәртібін қайта қарау қажет» деген сөзі ерекше әсер қалдырғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның пікірінше, жаңа талаптар мұғалімге артық салмақ түсірмей,оның кәсіби дамуына мүмкіндік беруі керек. Ұстаз бұл бастамалар педагог мамандығының беделін арттырып, салаға жастардың көптеп келуіне жол ашады деп санайды.
«Президент «Білім беру саласында өзгерістер болуы керек. Өзгерістер әрқашанда дамытады, өсіреді, бір орында тоқтап қалмаймыз. Бірақ олар педагогтардың білім беру үдерсінде олардың ішкі жан дүниесіне психологиялық немесе физиологиялық тұрғыдан қысым келтірмеуі керек. Мұғалімдер тек қана білім беруменен айналысу керек» деді. Дәл осы сөзі менің жаныма жақын болды. Республика бойынша сауалнамаға нәтижесінде 85 пайыз мұғалім қайтадан ұстаз болғысы келетінін, ал 95 пайыз қатысушылар ұстаздық мамандықты таңдауға дайын екенін жеткізген», – деді № 113 орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нұрсәуле Азатқызы.
Оқи отырыңыз: Балаға мектеп сөмкесін таңдағанда нені ескеру қажет