Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жұмыссыздарға берілетін жәрдемақының мерзімі қысқарғанын айтты
Елімізде жалған құжат рәсімдеп, мүгедектік бойынша жәрдемақы алып келген 170-ке жуық адам алған қаражатын мемлекетке қайтарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv
Қазір бұл мәселемен құзырлы органдар айналысып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев олардың зертханалық талдаулары, ауру тарихы бірдей екенін айтты. Сөзінше, түрлі делдалдардың көмегімен заңды белшеден басып келгендер жазадан құтылмайды. Сонымен қатар вице-министр жұмыссыздарға берілетін жәрдемақының мерзімі алты айдан төрт айға дейін қысқаратынын жеткізді. Оның айтуынша, «екі қолға бір күрек таппай жүрмін» деп, мемлекеттен заңсыз ақшалай көмек алатындар «Отбасының цифрлық картасы» деген жүйе арқылы бақыланады. Егер олардың зейнетақы шотына жарна түсетін болса, мұндай деректер бірден құқық қорғау органдары жолданады.
«Біз оның мерзімін азайтатын боламыз. Жұмыссыздық бойынша, 6 ай емес, 4 айға қысқартып отырмыз. Неге десеңіз бірінші мақсат – қоғамдағы жұмыспен байланысты масылдықты жою. Біздің ойымызшы екі қолы бар, екі аяғы бар адам, дені сау адам ер адам болатын болса, жұмыс істеуі керек», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев.
Оқи отырыңыз: Еңбек министрлігі азаматтық-құқықтық шартты қайтаруы мүмкін