Елімізде жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 259 миллиард теңгеден асты

Жауаптылар тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Нақты өнім» атты тегін мобильді қосымшаны әзірлеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жеңіл өнеркәсіп экономикалық саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Былтырғы қорытындыға қарасақ, саладағы өндіріс көлемі 259 миллиард теңгеден асқан. Негізгі өсім тоқыма, киім тігу және былғары бұйымдарын шығару сияқты бағыттарға тиесілі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Соңғы жылдары жеңіл өнеркәсіп саласында оң өзгерістер байқалып, отандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптасып келеді. Соның бір дәлелі ретінде 2025 жылы ішкі нарықтағы қазақстандық өндірушілердің үлесі 8,1%-ға жеткенін айтуға болады. Дегенмен, жалпы көлемі 3,6 млрд долларды құрайтын нарықта импорттың үлесі әлі де жоғары деңгейде сақталып тұр. Сала мамандары бұған қарамастан, тұрақты даму байқалып, болашақта отандық өндірістің үлесін одан әрі арттыруға мүмкіндік барын айтты.

«Салада осы жылдың 1-і сәуіріндегі жағдай бойынша  1450 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 836-ы тігін кәсіпорындары, 489-ы тоқыма бұйымдарын өндіру және 125 былғары өнімдерді өндіру кәсіпорындары жұмыс жасайды. Аталған кәсіпорындар да 26 мыңнан астам жұмыс орны қамтылған. Тұтастай алғанда өнеркәсіптік саясаттың негізгі мақсаты ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, дамудың шикізаттық моделінен бас тарту болып табылады», -деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төра асының орынбасары  Мұхамед Андаков.

Сондай-ақ биыл 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Мамандардың айтуынша, бұл шара - нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Таңбалау жүйесі өнімнің шығу тегін нақты бақылауға мүмкіндік беріп, заңсыз импорт үлесін азайтуға ықпал етеді.

«Жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды. Бірінші кезең 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталады. Екінші кезең 2027 жылғы 1 наурызда басталады. Ал қорытынды, үшінші кезең 2027 жылғы 1 қазанға жоспарланған. Мұндай тәсіл нарық қатысушыларына жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуге мүмкіндік береді», деді бірыңғай таңбалау операторының жоба жетекшісі Ерлан Қарабаев.

Айта кетейік, жауаптылар тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Нақты өнім» атты тегін мобильді қосымшаны әзірлеген. Оның көмегімен сатып алушылар дүкенде тауардың таңбалау кодын сканерлеп, өнім туралы толық ақпаратты бірден ала алады. Сонымен қатар егер қандай да бір заңбұзушылық анықталса, пайдаланушы қосымша арқылы шағым қалдыра алады. Бұл өтініш тиісті реттеуші органдар тарапынан қаралатын болады.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Көлеңкелі экономика: Алматыда 30-дан аса экономикалық қылмыстық іс тіркеді

Новости партнеров