Қазақстан онкологиядан өлім-жітім бойынша үшінші орында тұр
Қазақстанда жыл сайын 35 мыңнан астам адам обырға шалдығады, 14 мыңнан астам адам қайтыс болады, есепте 200 мыңнан астам қазақстандық тұрады. Қазақстан онкологиядан өлім-жітім бойынша үшінші орында тұр, деп хабарлайды Almaty.tv Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен түркиялық «Orhun Medical» компаниясы онкологиялық аурулары бар пациенттер үшін емдеу мен диагностиканың сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған ауқымды жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойды.
"Жабдықталған орталықтардың ашылуы онкологиямен ауыратын науқастарға шетелге шықпай-ақ, ел ішінде әлемдік стандарттар деңгейінде жоғары тиімді диагностика мен қауіпсіз ем алуға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялардың көмегімен обырды дұрыс және уақтылы емдеу аурудың анықталуын жақсартуға, өмір сүрудің бес жылдық шегі бар пациенттердің үлесін арттыруға, онкологиялық науқастардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті қол қою барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Келісімнің шеңберінде Алматы қаласында ПЭТ/КТ, БФЭКТ/КТ үшін талап етілетін радиофармпрепараттарды өндіру үшін ғимарат салу және арнайы жабдықпен - циклотронды кешенмен жарақтандыру көзделген.
Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Өскемен қалаларында компьютерлік томографиямен (ПЭТ/КТ) біріктірілген позитрондық-эмиссиялық томографияның жаңа орталықтары құрылатын болады.
Алматы қаласында қатерлі ісіктерді диагностикалау мен терапияның прогрессивті кешенді әдістерін енгізу үшін бір фотондық-эмиссиялық томографиямен және компьютерлік томографиямен ұштастыра отырып радиоизотоптық препараттар қолданылатын Тераностика орталығын ашу жоспарлануда.
ПЭТ/КТ зерттеуі КТ, МРТ және ультрадыбыспен анықтау қиын онкологиялық ауруларды ерте кезеңдерде анықтауға, аурудың күрделілік дәрежесін, оның ағзада таралуын анықтауға және дұрыс емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматы облысына қарасты екі ауылда жер сілкінісі болды