Елімізде жоғары оқу орындарына құжат тапсыру басталады

Биыл  89 мың 457 мемлекеттік грант бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ертеңнен бастап жоғары оқу орындарына құжат тапсыру басталады. Алдымен ақылы түрде оқуға ниетті талапкерлер өтініш береді. Ал мемлекеттік білім грантынан үміттілер қабылдау комиссияларына 13 - 20 шілде аралығында жүгіне алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Шариповтер отбасы Атыраудан Астанаға арнайы келген. Олар үйдің ортаншысы Милананың «үздік оқу орнында білім алсам» деген арманын жүзеге асыру үшін бірнеше университеттің табалдырығын аттаған. Бойжеткен ұлттық бірыңғай тестілеуден 83 балл жинапты. Қаржы саласында жұмыс істеуді мақсат еткен Милана талапкерлер арасында бәсекелестік жоғары екенін айтады.

«Мен экономика, қаржы және бухгалтерлік аудит мамандықтарына қызығушылық танытып отырмын. Университет таңдағанда оның білім беру сапасының жоғары болуына, оқу бағдарламасының мықтылығына және студенттер үшін қолайлы орта қалыптасқанына мән беремін. Жалпы грантқа үміткер болуға мүмкіндік бар. Бірақ бәсекелестік өте жоғары. Мен таңдаған мамандық бойынша грантқа өту үшін әдетте 130 баллдан жоғары жинау қажет», – деді талапкер Милана Шарипова

Миланамен бірге бірнеше жоғары оқу орнына барған әкесі университеттер қарқынды дамығаннын айтты. Жаңа мамандықтар ашылып, талапкерлерге талап күшейіп, мүмкіндіктер де көбейгенін атап өтті. Сөзінше, кейбір оқу орындары IELTS сертификаттарын сұрайды. Бұл оқу үдерісінің халықаралық стандарттарға сай болуына әсер етеді дейді.

«Қазір талап өте жоғары. Барлық университеттерде IELTS сертификаты талап етіледі, яғни бұл міндетті шартқа айналып отыр. Мен ағылшын тілін университетті бітіргеннен кейін ғана үйрендім. Ал қазір бұл үрдіс өзгеріп, студенттер оқу барысында-ақ ағылшын тілінде білім ала бастайды. Нәтижесінде жоғары оқу орнын тәмамдаған кезде, олар тілді еркін меңгеріп шығады. Ал біз оқығанда жағдай мүлде басқаша еді», – деді Атырау қаласының тұрғыны Фарид Шарипов

Қабылдау комиссиясының маманы Айбек Салдатбек талапкерлер нақты күнді күтпей, қазірдің өзінде оқу орындарын аралап, кеңес алуға кірісіп кеткенін айтады. Сөзінше, өзі жұмыс істейтін университетке күніне 30-ға тарта жас жүгінеді. Ал телефон арқылы ақпарат алатындардың саны жүзге жете жығылады. Олардың дені мамандықтар бойынша сұраса, енді бірі шекті балл туралы білуге тырысады. Айбек Салдатбек шекті балға қатысты әр оқу орнының өз талабы барын айтты.

«Әр университетте өзінің шекті балы бар. Өйткені әр мамандықта әртүрлі. Біреуде 50-ден басталады, біреуден 70-тен басталады. Ал біреулер тіпті 100-ге дейін белгілеп қойған. Сол үшін шекті балл әр мамандық үшін әртүрлі, ақылы бөлімге де, грантқа да байланысты», – деді қабылдау комиссиясының маманы Айбек Салдатбек.

  Елде ертеңнен бастап барлық жоғары оқу орындарында қабылдау комиссиялары жұмысқа кіріседі. Ең алдымен ақылы негізде білім алатын талапкерлер құжат өткізсе, 13 шілдеден бастап 20 шілдеге дейін гранттан үмітті жандар өтініш береді. Оқуға түскендердің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Айта кетейін, министр Саясат Нұрбек алдағы оқу жылына жалпы 89 мың 457 мемлекеттік грант бөлінгенін айтқан. Бұл ақпарат Милана секілді талапкерлердің үмітін күшейте түспек.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Жазғы маусымда жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғау шаралары күшейтілді