Елде қажетті отын қоры жеткілікті
Елімізде жылыту маусымы басталып кетті. Павлодар облысының халқы 14 қыркүйектен бері жылы үйде отырса, солтүстік және шығыс өңірлерде бірінші қазанға дейін жылу беру жоспарланып отыр. Мұндай деректі Үкіметте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, елде қажетті отын қоры жеткілікті. Қоймаларда 4,9 миллион тонна көмір және 127 мың тонна мазут бар. Министр негізгі жылу-энергетикалық нысандардағы жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын деп отыр. Жылу желілерінің 97 пайызы дайын.
«17 мың шақырым электр беру желілерін жөндеу толық көлемде орындалды. Тоғыз қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Сондай-ақ жоспардағы 377 шақырым жылу желілерінің жалпы дайындығы 97 пайыз немесе 366 шақырымды құрайды. Өз кезегінде, дайындық бойынша бірқатар өңірлер Энергетика министрлігі мен Үкіметтің ерекше бақылауында», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Оқи отырыңыз: Қостанайда 28 мыңнан астам заңсыз вейп жойылды