Аралдан жылына 8 мың тонна балық ауланады
Еліміздегі Арал теңізі толып келеді. Соңғы көрсеткіштер бойынша кіші Аралға түскен су көлемі артып, 23 миллиард текше метрге жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір «Ақлақ су» тоспасы арқылы теңізге секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. Ал «Көкарал» бөгетін нығайту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Сондай-ақ бөгетті биіктету және солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңі жүзеге асады. Бұл жаңалық теңіз төскейіндегі халықты да қуантып отыр.
«Бөген елдімекенінде 200-дей отбасы тұрамыз. Үй басына балықшы бар десек өтірік болмайды. Сол 200 үйдің қазаны осы теңізден қайнап отыр десек артық айтпаған боламын. Теңіз толады деп үміттенеміз», – деді Бөген ауылының тұрғыны Төрехан Ділжанов
Аралдан жылына 8 мың тонна балық ауланады. Мамандар кіші Арал теңізін сақтап қалу үшін жылдар бойы атқарылған шаруалардың жемісі екендігін айтты. 2022 жылы басталған бөгет құрылысы аяқталса теңізді сумен тұрақты қамтамасыз етуге болады. Бұл өз кезегінде экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға мүмкіндік бермек.
«Орталық Азия мемлекетінің президенттері кездесу болды. Сол кездесуде Су шаруашылығы министрі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның келісімшартқа қол қойылғанда жоғарыдан түсетін судың көлеміне қарай әр мемлекетке тең бөлінетіні жөнінде келісілді. Қазір біз алатын лимитімізді толық алып тұрмыз», – деді «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық жүйесі құрылып жатыр