Үкімет Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заң мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс
Үкімет отырысы барысында жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов оның заманауи тарихындағы ел тағдырын айқындайтын елеулі кезең екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ең алдымен, барша қазақстандықтарды тарихымыздағы аса маңызды оқиға – жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын! Бұл – Қазақстанның заманауи тарихындағы ел тағдырын айқындайтын елеулі кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен және қоғамның белсенді қолдауымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр жаңа Конституция саяси тұрақтылықты нығайтып, экономиканы одан әрі жаңғыртуға жол ашатынына назар аударды.
«Ата заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға жол ашады. Бірлік пен әділдік, заң мен тәртіп сияқты негізгі құндылықтарды орнықтырып, ұлтымыздың ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайды. Ол еліміздің саяси жүйесіне халықтың толыққанды қатысуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, адам капиталының, ғылым мен мәдениеттің, цифрлық ортаның сапалы дамуына, экологиялық қауіпсіздіктің сақталуына кепілдік береді», — деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов жаңа Конституцияның қабылдануы құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, елдігіміздің тірегі болатынын атап өтті.
«Құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, заң көмегін алу құқығына және дербес деректердің қорғалуына кепілдік беру негізгі заң деңгейінде бекітіліп отыр. Президент атап өткендей, жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, Егемендігіміз бен Тәуелсіздігіміздің тұғыры болады. Қазақстандықтар Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін паш етті. Бүгінде жаһан жұртының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көшбасшылығына және қабылданған Конституциямыздың прогрессивті сипатына куә болғанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанның жоғары беделі мен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айқын білдіреді», — деп атап өтті Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заң мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс.
«Өз кезегінде, біз Президенттің командасы ретінде, алдымызда тұрған мақсат-міндеттерге қол жеткізіп, реформалардың сапасы мен озық қарқынын қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс. Атап айтқанда, 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр Ата заңды жаппай басып шығаруды, оны қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды, білім беру саласы үшін әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді талап ететін Конституцияны ілгерілету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ еліміздің жаңа Конституциясы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Оқи отырыңыз: 18 наурызда Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр