Еліміздегі ең қонақжай шаңырақ: Түркістан тұрғыны шетелдік саяхатшыларды тегін күтеді

11.06.2026 16:41

Осы шаңырақта бүгінге дейін Италия, Англия, Сингапур бастаған 46 мемлекеттің азаматтары қонақ болған

Еліміздегі ең қонақжай отбасы белгілі болды. Түркістан тұрғыны үйін шетелдік саяхатшылардың бас қосатын мекеніне айналдырған. Мұнда меймандар ақша төлемейді, тек мәдениет пен тәжірибе алмасады. Қарапайым шаңырақта осы күнге дейін 46 елден келген жүзден астам турист қонақ болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

21 жастағы Кай Чэнг мектеп бітіргеннен кейін әлемді тану үшін саяхатқа шыққан. Осы уақытқа дейін Кения, Занзибар, Оман және Оңтүстік Кореяда болған. Қазақстан – оның саяхат картасындағы 27-ел. Сапарын Алматыдан бастап, жол шығынын азайту үшін шатырда және көлікте түнеп жүрген саяхатшы шығыстың шынайы атмосферасын іздеп Түркістанға келген.

«Алматы мен Түркістан мүлдем екі бөлек әлем сияқты. Алматы заманауи болса, Түркістан  нағыз ұлттық нақыш сақталған, өзіндік стилі бар, өте жанды қала. Керуен-сарайға бардым, өте әдемі және тап-таза жер екен. Ішіндегі арнайы каналда жүзіп жүрген қайықтар маған қатты ұнады. Сондай-ақ жергілікті үлкен базарды араладым», – деді тайваньдық турист Кай Чэнг.¤

Түркістанға келген турист қонақүйге емес, қала тұрғыны Орынбасар Сұлтанның үйіне тоқтаған. Екеуі әлем саяхатшыларын тегін қабылдауға арналған «Couchsurfing» платформасында танысыпты. Осы шаңырақта бүгінге дейін Италия, Англия, Сингапур бастаған 46 мемлекеттің азаматтары қонақ болған. Орынбасардың өзі де 18 елде болып, талай отбасының дастарханынан дәм татқан.

«Қонақтарды қабылдаған уақытта оның профиліне кіріп, ұсыныстарын оқимын. Менен алдын қабылдаған адамдар қалай қонақ етті. Қалай қонақ болды. Солардың барлығын оқып, қабылдаймын. Келген уақытта ата-анамның да қорқынышы болды. Ауылдастардың қорқынышы болды. Бұл неге жүр, не үшін жүр? Қонғаны үшін ақша ала ма? Жоқ, бәрі –тегін», – деді қала тұрғыны Орынбасар Сұлтан.

Түркістандық отбасының қонақжайлығына тәнті болған саяхатшылар тілек жазып қалдыруды дәстүрге айналдырған. Үйдегі ерекше бұрышта әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған валюта, пошта маркалары мен түрлі жәдігерлер сақтаулы тұр.

Нұркен Әкімхан, Түркістаннан

Оқи отырыңыз: Алматы түркі әлемі жастарының тәжірибе алмасу алаңына айналды