Өндірістік кәсіпорындарда зиянды заттарды өлшейтін құрылғы орнатыла бастады

Қызылорда облысындағы күкірт қышқылы зауытында да автоматты мониторингтік жүйе орнатылды

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ірі өндіріс орындарының экономикалық тұрғыда тиімділігі жоғары болғанымен, экологиялық жағынан қоршаған ортаға тигізер зияны аз емес. Ал оны бақылау осыған дейін едәуір қиындық тудырып келген еді. Енді мұндай кәсіпорындарда автоматты мониторингтік жүйе іске қосылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мәселен Қызылорда облысындағы күкірт қышқылы зауыты жаңа құрылғыны қолданысқа енгізген.

Күкірт қышқылы зауытынан ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшері осыған дейін тоқсанына бір рет жүргізіліп отырған. Ал қазір оның мөлшері автоматты мониторингтік жүйенің көмегімен үздіксіз тәулік бойы бақыланады.

"Бұл жүйе орнатылмай тұрған уақытта мердігер ұйымдармен өндірістік бақылау жүргізетінбіз. Ол тоқсанына бір рет жүргізіледі. Қазан айының 4-інен бастап орталық жүйеге және Экология департаментіне бізден ауаға шығатын ластағыш заттардың барлығын үздіксіз режимде беріп отырмыз. Ластағыш заттар: күкірт қышқылы, күкірт диоксиді, азот оксиді, оксид көміртегі және азот диоксиді. Осы бес компоненттің нәтижесін үздіксіз беріп отырмыз", -  деді "СКЗ-U" ЖШС өндірістік қауіпсіздік саласының жетекшісі Өтепберген Ибраймов.

Зауытта бұл жүйені қолданысқа енгізуге бір жылдай уақыт кеткен. Шағын ғана қорапшаға қойылған арнайы құрылғыға кез келген адамның қолы жете бермейді. Жауапты мамандарға ғана міндеттелген. Ал үлкен құбырға орнатылған датчиктердің көмегімен ауаны ластайтын компоненттердің мөлшері деректер базасына әр 20 минут сайын түсіп отырады. Әрі бұл қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер базасына тікелей жолданады.

"Мониторингтің автоматтандырылған жүйесі – өндіріс және өнеркәсіптік объектілердегі процестерді, оның ішінде қоршаған ортаға зиянды ластаушы заттардың шығарындыларын бақылауды автоматтандыруға арналған кешенді технологиялық шешім. Бұл жүйе өнеркәсіптік нысандардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, деректерді үздіксіз жинауға, талдауға және сәйкес шаралар қабылдауға мүмкіндік береді", - деді Экология департаментінің бас маманы Әсем Тынарбай.

Мамандардың сөзінше, электр жарығы сөніп немесе интернет желісінде кедергі болған уақытта да деректер ақпараттық жүйеге тіркеле береді. Айта кетейік, өңірде бұл санаттағы үш кәсіпорын бар. Олардың барлығы автоматтандырылған жүйені толығымен орнатқан.   

Асқар Сәрсенұлы, Еркебұлан Батырбекұлы, Аlmaty TV, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында адамдарды алдап, ақша алып келген адам ұсталды

Новости партнеров