Еліміздегі әрбір әскери қызметші жылына кем дегенде 5 кітап оқуға міндетті

23.04.2026 20:58

Әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді

Еліміздегі әрбір әскери қызметші жылына кем дегенде 5 кітап оқуға міндетті. Қазақстан қарулы күштерінде әскерилердің рухани және зияткерлік дамуына бағытталған жаңа талап енгізілмек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Елімізде кітапқұмарлар саны артқан. Мәселен, былтыр 5 жарым миллион алматылық кітапханаға барып, білім нәрімен сусындаған. Сәйкесінше, Алматыда 3 бірдей кітапхана тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкен. Мұнымен қоса, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да оқырман қауым көбейген. Бұл тек арнайы мекемеге барып оқитын жандар саны.

«Мемлекеттік деңгейде, сондай-ақ жеке баспа болсын 10-15 жыл бұрын кітап ісі тұралап қалғаны рас. Елдің кітапқа деген қызығушылығы да аз болатын. Қазір керісінше. Сұраныс көбейді. Жер-жерден тапсырыс беріп алады. Авторларға кері байланыс болсын деп әлеуметтік желіде, кейде кітаптың артына номер жазамыз. Танымайтын жандар пікірін жазып, бөлісіп жатады. Демек әдебиетке, кітапқа деген құрметтің, ықыласын көреміз», – деді жазушы Мақсат Мәлік.

Бүгінде елде 4 мыңға жуық қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Онда 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл тұрғыда Алматы ерекше орын алады. Мұнда елдегі ең ірі кітап қоры жинақталған, шамамен 37 жарым миллион басылым. Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорында 7 миллионнан астам сақтау бірлігі бар.

«Ұлттық кітапхананың ғалымдар залына келіп, кітаптарды қолыма алып оқу үлкен әсер береді. Үйімде бір күн отырып, жемісті еңбек жасауым мүмкін, бірақ кітапханада 4-5 сағатта ғылыми мақала жазам», – деді қала тұрғыны Базаргүл Абдулдина.

«Кітаптан мен тыныштық таптым. Бірінен кейін бірін оқи бастадым. Көркем әдебиет, классиктерді оқимын. М. Әуезов, О.Бөкей, Д. Исабековтың шығармаларын, детектив жанрын жақсы көрем. Бірақ детектив жанрында жазатындар аз сияқты. «Түнде атылған оқты» оқып отырмын», – деді қала тұрғыны Арайлым Диқанбай.

 Соңғы жылдары елімізде оқу мәдениетін жаңғыртуға бағытталған бастамалар көбейіп келеді. Мамандардың сөзінше, кітапқа деген қызығушылықты арттыру ерте жастан басталуы керек.

«Кітап оқу әдетін, дағдысын қалыптастыру - отбасынан, балабақшадан, мектептен, орта білім беру оқу орындарынан, ЖОО бастау алу керек. Кітапты тек журналистер, филиологтар, кітапханашылар ғана оқуға тиіс деген стереотип жойылуы керек.Кәдімгі оқитын ұлтқа айналу үшін әрбір адам, әрбір қоғамның мүшесі мүдделі дегім келеді», – деді ҚР Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева.

Қазақстан қарулы күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Бүгінде әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 мың 434 дана көркем әдебиет және 198 мың 293 оқу басылымы бар. Бұл жеке құрам арасында кітапхана қорына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Айта кетейік, 2024 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Айтулы мереке елде 2 жылдан бері атап өтіліп келеді.

Диана Тұрлыбек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай халықаралық семинар өтті