«Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

23.04.2026 21:09

Байқауда барлығы 462 адам жеңімпаз атанды

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Ұлттық кітап күніне орай «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Үш өңірде — Шымкент қаласында, Қарағанды және Қостанай облыстарында пилоттық жоба аясында 8 айда жалпы саны шамамен 2 млн кітап оқыған 190 мыңға жуық адам қамтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іс-шараға Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, сондай-ақ танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және жоба жеңімпаздары қатысты.

Іс-шараны аша отырып, Ерлан Қошанов «Кітап оқитын ұлт» жобасы Мемлекет басшысының қоғамда кітап оқу идеясын ілгерілету жөніндегі бастамасын жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында қолға алынғанын атап өтті. 

Мәжіліс Спикері соңғы уақытта елімізде, әсіресе шалғай елдімекендерде көп кітапхана жөнделіп, жаңадан ашылғанын атап өтті. Олар үнемі жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Соның нәтижесінде былтыр кітапханаларға барушылар саны 57 миллионға жетіп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артқан. Назар аударарлық жайт, еліміздегі әрбір үшінші оқырман — бала. Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылады. Жыл санап кітап сатып алушылар қатары да артуда. Онлайн кітап сатылымы 50%-ға өсті. Сонымен қатар қаламгерлердің шығармашылықпен айналысуына және кітаптарын басып шығаруға жағдай жасалуда. Мәселен, ұлт әдебиетіне еңбегі сіңген қаламгерлерге берілетін «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылып, авторлық қаламақы мәселесі де шешімін тапты.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы 2025 жылы қыркүйекте пилоттық режимде еліміздің үш өңірінде — Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында бастау алды. Байқау 6 бағыт бойынша өткізілді — «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын мектеп» және «Кітап оқитын педагог». Сарапшылар әр бағыт бойынша қазақ және орыс тіліндегі 15 кітаптан тұратын тізім әзірледі. Оларды барлық қатысушы оқуға тиіс болды. Кейін осы кітаптар негізінде викториналар, дебаттар, эссе байқаулары және зияткерлік квиздер өткізілді. Тізімге «Қазақстан әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы аясында іріктелген шығармалар, сондай-ақ әлемдік деңгейде мойындалған бестселлерлер енді.

Іріктеу барысы кезең-кезеңімен өтті. Ең алдымен, оқу орындары мен мемлекеттік органдар деңгейінде, кейін аудандық және қалалық кезеңдерде жалғасып, финалистер облыстық деңгейде бақ сынады. Нәтижесінде барлық алты номинация бойынша әрбір үш өңірден екі жеңімпаз команда анықталды — біреуі қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде. Байқауда барлығы 462 адам жеңімпаз атанды. Оның 156-сы — бірінші орын иегерлері. Олардың бәріне алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Іс-шара барысында аймақтардағы жоба менеджерлері де назардан тыс қалған жоқ.

Оқи отырыңыз: Олжас Сүлейменовтің шығармашылығына арналған «KITAP FEST» фестивалі өтіп жатыр