Еліміздің барлық мектебінде «Ұлттық ойындар керуені» атты акция өтеді

18.03.2026 17:40

Бұл бастама оқушыларды ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіруге мүмкіндік береді

ЖИ көмегімен жасалған

20 наурызда еліміздің барлық мектебінде Наурыз мерекесіне орай «Ұлттық ойындар керуені» атты республикалық мектеп акциясы ұйымдастырылады. Іс-шараға 1-11 сынып оқушылары, педагогтер және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv

Оқу-ағарту министрлігінен хабарлағандай, акция ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттауға, оқушылардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында қазақ халқының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.

«Ұлттық ойындар керуені» еліміздің барлық өңірлерінде Астана уақытымен сағат 10:00-де басталады. Бұл бастама ұлттық дәстүр сабақтастығын дәріптеп, оқушыларды ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіруге мүмкіндік береді.

Акция аясында мектептерде ұлттық ойындарға арналған арнайы алаңдар ұйымдастырылып, іс-шаралар спорттық-ойын фестивалі форматында өтеді. Оқушылар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, ләңгі сияқты ұлттық ойындарға қатысып, жас ерекшеліктеріне бейімделген ойындар мен тақырыптық эстафеталарда бақ сынайды.

Көктем мерекесін атап өту шаралары 12-23 наурыз аралығында еліміздің барлық мектептерінде өтуде. Білім беру ұйымдарында тақырыптық челлендждер, экологиялық акциялар, ұлттық ойындар мен мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған отбасылық эстафета өтті