Еліміздің негізгі капиталына салынған инвестиция 23,5 триллион теңгеден асты
Қаржының басым бөлігі өндіріс, агроөнеркәсіп, көлік және өңдеу салаларына бағытталған
Қазақстанда инвестиция көлемі артып келеді. Былтыр негізгі капиталға шамамен 23,5 триллион теңге қаржы салынған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16,7 пайыз көп. Ал биылғы сегіз айда инвестиция көлемі 13,5 триллион теңгеден асты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржының басым бөлігі өндіріс, агроөнеркәсіп, көлік және өңдеу салаларына бағытталған. Қазір жалпы құны 162,5 миллиард доллар болатын 667 жоба іріктелген. Бүгінде Жамбыл облысында қытайлық компания жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорын салып жатыр. Жобаның құны – 350 миллион доллар. Ақмола облысында 500 миллион долларлық бидай өңдеу кешенінің құрылысы қарқын алса, Қызылорда облысында испаниялық компания санитариялық-техникалық өнім шығаратын зауыт салып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлердегі өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы жариялаған жаңа инвестициялық цикл аясында біз инвестицияларады шикізат салаларынан өңдеу өнеркәсібіне, инфрақұрылымға, технологияларға және қосылған құны жоғары жобаларға бағыттаймыз. Стратегиялық мақсат 29-ыншы жылға қарай қосымша 150 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту», – деді «Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов.
Оқи отырыңыз: Алматы депутаттары Медеу мен Шымбұлаққа көлікпен кірудің жаңа тәртібін қолдады