Мамандардың сөзінше, құрттың дернәсілдері әсіресе, қайың мен терек ағаштарының жапырағын жеп қойған
Еліміздің солтүстігінде жұпсыз жібек құрты қаптады. Зиянкестер өңірдегі 20 мың гектардан астам орман алқабын зақымдаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мамандардың сөзінше, құрттың дернәсілдері әсіресе, қайың мен терек ағаштарының жапырағын жеп қойған. Қазір жауаптылар қауіпті карантиндік жәндіктің 6 ошағын анықтап, өңдеу жұмыстарын бастаған. Арнайы шараларға жергілікті қазынадан 50 миллион теңге бөлініпті.
Айта кетейік, құрттардың көбеюіне аптап ыстық пен құрғақшылық себеп болған.
«Өңдеу жұмыстары жүргізілетін аумақтарда тиісті ескерту белгілері орнатылды. Қолданылып жатқан препараттар адамдар үшін қауіпті емес. Өңдеу аяқталған соң, саңырауқұлақ, жидек сияқты орман өсімдіктерін жинауға болады. Мұндай жағдайлар 2007-2008, 2014 жылдары да тіркелген. Тіпті 1994, 1999 жылдары зиянкес 100 мың гектардан астам аумаққа таралған», – деді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Василий Лабанчук
Оқи отырыңыз: Жазғы маусымда жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғау шаралары күшейтілді