Жомарт Әлиевтің сөзінше, құрылыс екі жылға созылады
Еліміздің үш ірі мегаполисінде қоқыс өртейтін зауыт салынады. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бой көтеретін кәсіпорындарға шетелдік инвесторлар 293 миллиард теңге қаржы құяды. Бұл туралы Үкіметте Экология және табиғи ресурстар вице-министрі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жомарт Әлиевтің сөзінше, құрылыс екі жылға созылады. Одан бөлек, Шығыс Қазақстан облысында қалдықтарды қайта өңдеу үшін Германия, Қытай және Швейцариядан инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, елде қалдықтарды басқару жүйесін жақсартуға жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы 185 миллиард теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде 60 жоба мақұлданып, оның 22-сіне қаражат бөлінген. Премьер-министр Олжас Бектенов өнеркәсіптік, медициналық және басқа да қалдықтарға қатысты тиісті шешім қабылдау керек екенін айтты. Сондай-ақ ол жауаптыларға саланы цифрландыруды тапсырды.
«Тағы бір маңызды шара – қалдықты бір реттік заңдастыру, яғни легализациялау. Бұл қалдық иелеріне есепте жазылмаған нақты жиналған көлемді айыппұлсыз есепке алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде барлық қалдықтардың нақты көрінісі анықталып, олардың пайдалы фракциялары айқындалып, қайталама айналымға тартуға мүмкіндігі пайда болады», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.
Ақтауда жаңа теңіз порты салынады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «инвестициялық жобаның құны 300 миллион доллар» дейді. Сөзінше, жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастырады. Үкіметте трансшекаралық хабтарды дамыту мәселесі де қаралды. Премьер транзиттік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін ең алдымен бизнеске қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Трансшекаралық хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет деп атап өтті.
«Хабтардың аумағында логистика, қоймалау, жүктерді тиеп-түсірумен ғана шектелмей, нақты өндірістер құрып, жұмыс орындарын ашу да маңызды. Болжам, жылдамдық және әкімшілік кедергілерді азайту. Ол инвесторлар үшін ең маңыздысы – осы. Сервис деңгейі жоғары болған сайын, хабтардың аумақтары да резиденттермен тезірек толығып, экономикалық тиімділігі арта түседі. Осыған байланысты инвесторлармен, операторлармен және өндірушілермен тұрақты диалог орнату қажет. Бірлескен жобалар өзара тиімді негізде жүзеге асырылуға тиіс», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Қызылордада «Келешек мектебі» ашылды