Түркістан облысында қасқыр мен шибөрі көбейіп, малға шабуыл жиілеген

25.11.2025 19:30

Шаруалар қорасын күндіз-түні күзетуге мәжбүр

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында қасқыр мен шибөрі көбейіп, малға шабуыл жиілеген. Әсіресе Қаратаудың етегіндегі ауыл тұрғындары төрт түлігін ит-құстан қорғай алмай әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мал бағып күнелтіп отырған Әтірхан Кемелбеков үшін биылғы жағдай ерекше қиын болып тұр. Қыс түспей жатып қасқырлар қораға бірнеше рет шауып, жеті тайы мен екі құлынын жайратқан. Амалы таусылған шаруа қорасын күндіз-түні күзетуге мәжбүр.

«7 ,5 жасар тай, екі құлын жеді. Енді құлынның барлығын базаның ішінде ұстап отырмын қамап. Кейбір кезде күндіз де жеп кетеді. Қай жерде жеп кеткенін ертеңіне іздеп тауып аламыз», – деді шаруа Әтірхан Кемелбеков.

Ауыл тұрғындары қасқырдан бөлек шиебөрінің де көбейгенін айтып дабыл қағып отыр. олардың айтуынша, соңғы күндері олар ауыл іргесіне дейін жақындап, тіпті зират маңын айналшықтап жүр.

«Сақтық үшін өлген адамның бетін сеткамен жауып жатырмыз. Қасқырды ұстап жатқан ешкім  жоқ. Бұл әр туғанда оншақты туады. Сондықтан бір көмек керек. Осы қасқырды аулайтын не бір шашатын дәрі ма?» – деді Жаңаталап ауылының тұрғыны Әлмырза Еркебаев.

Жыртқышпен күресуге тұрғындардың қауқары жоқ. Ал ауыл әкімдіктері бюджеттен аңшы жалдауға қаржы бөлінбегенін айтты. Ал аудан басшылығы бұл мәселе жөнінде енді ғана құлағдар болып, жағдайды бақылауға алатынын жеткізді.

«Ақпаратты қазір толық талдап, «Охотсоюз» аңшылар мекемесіне хабарласып, тиісті аңшылар жіберсе, оқ-дәрімен қамтамасыз етеміз. Осы бір апта, он күннің көлемінде қасқыры, шиебөріні ұстау, ату, аулау бойынша жұмыстар атқарылады», – деді  Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев.

Малды былай қойғанда, түнде тұрғындардың өзі сыртқа емін-еркін шығудан қорқатын болған. Себебі күндіздің өзінде түз тағылары үйірімен жүргенін көргендер бар. Ал әкімдік бір аптаның көлемінде мәселені шешеміз деп сендіреді.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Не ақша, не үй жоқ: Бесағаш ауылындағы үлескерлерге медігер 3 жыл бойы жауап бермеген