Елорда мектебінде оқушы сыныптастарына пышақ кезенген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанадағы №102 мектепте 11-сынып оқушысы екі сыныптасына пышақпен шабуыл жасады. Оқиға математика сабағы кезінде болған. Зардап шеккен екі оқушы да жарақат алған. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың бірі сыныптасын тоқтатуға тырысқанда, екіншісі де араша түспек болған. Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty TV.

Мектеп директорының айтуынша, оқушы қыз сабақ үстінде сөмкесінен пышақ алып шығып, сыныптастарын қорқытқан. Қауіпті жағдайдан қорғануға тырысқан балалардың бірі қолын жарақаттап алған. Оған көмектеспек болған екінші оқушы да зардап шеккен.

Қазір жарақат алған оқушылардың бірі оқуын жалғастырып жүрсе, екіншісі үйінде. Ата-аналары әзірге ешқандай шағым түсірмеген.

«Балалардың барлығы есеп шығарып отырған кезде оқушы қыз сыныптастарының біріне жақындап, қорқыту мақсатында сөмкесінен пышақ алып шыққан. Балалардан мұның себебін сұрағанымызда, олар ешқандай жанжал болмағанын айтты. Қыздың өзі де сыныптастарымен арасында келіспеушілік болмағанын жеткізді», – деді №102 жалпы білім беретін мектептің директоры Эльмира Сұлтанова.

Мектеп басшысы оқушының суық қаруды ғимаратқа қалай алып кіргенін де түсіндірді. Оның сөзінше, білім ордасында металл іздегіш құрал бар, алайда оқушылардың көптігіне байланысты сол күні барлығын тексеріп үлгермеген.

Мектепте оқушыларды металл іздегіш құралмен қолмен тексереді. Бірақ кейде сабаққа санаулы минут қалғанда келетін балалар кіреберісте жиналып қалмауы үшін тексерусіз өткізіледі. Директордың айтуынша, оқиға болған күні де осындай жағдай орын алған.

Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар оқушы профилактикалық есепке алынып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылған.

Білім беру саласының сарапшылары мектеп қауіпсіздігін тек бейнебақылау камералары мен күзет қызметіне ғана тіреп қоюға болмайтынын айтады. Олардың пікірінше, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жүйелі әрі кешенді жұмыс қажет.

«Камера орнату мен күзет қоюдың өзі жеткіліксіз екені халықаралық тәжірибеден де көрініп отыр. Мұндай жағдайлардың алдын алу мүмкін болмаса да, олардың санын барынша азайтып, әрбір оқиғаның болдырмауына күш салу қажет. Ол үшін жүйелі әрі ауқымды жұмыс жүргізілуі керек. Соның ішінде қажетті ресурстармен қамтамасыз ету де маңызды», – деді білім беру саласының сарапшысы Станислав Котов.

Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде еліміздегі 7 656 білім беру ұйымында 283 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 7 159-ы полицияның жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдеріне қосылған.