Биыл қала күні жиырма жетінші рет тойланғалы отыр
Елорда жұрты қала күнін тойлауды бастап кетті. Шаһарда мерекеге орай жүзден астам түрлі бағыттағы іс-шара өтеді. Айта кетейік, Астана күні жыл сайын 6 шілдеде аталып өтеді. Бұл күн – еліміздің астанасы Алматыдан Астанаға ресми түрде көшірілген тарихи дата ретінде ерекше маңызға ие, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ерке Есілдің бойындағы бас шаһардың халқы қала күнін тойлауды бастап кетті. Астанадағы тарихи ғимараттың бірі Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының шығармашылық ұжымы да жылдағы дәстүрден жаңылмай, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй тарту етті. Мың бұрала билеген бишілер мен әсем ән салған өнерлі балалар үшін бұл мерекенің маңызы зор. Сондықтан да олар бүгінгі іс-шараға асқан жауапкершілікпен дайындалған.
«Мен үшін бұл мереке өз қалама деген сүйіспеншілік, сөзсіз патриотизмнің көрінісі. Біз өз өнеріміз арқылы көрерменнің көңіл-күйін көтереміз. Мұнда келген кішкентай балалар да бізге қосылып билеп, шат-шадыман күйге енеді», – деді «Вайнах» ансамблінің бишісі Әмина Жампейісова.
«Қаламызға астана мәртебесі берілген күннен бастап, біз жыл сайын осы алаңда концертімізді өткізіп келеміз. Бұл балалардың шынайы эмоциялары деп ойлаймын. Қала күні олар шаһар жұртына өз өнерін көрсетіп, қуанышын бөліседі», – деді «Бәйтерек» халық би ансамблінің жетекшісі Майя Байтенова.
«Астанаға арнау» атты көше фестивалінде 5 пен 17 жас аралығындағы 200-ге тарта бала өнер көрсетті. Олар қала халқы мен қонақтарына түрлі ұлттардың биін ұсынып, ән шырқады.
«Қала күні атап өтіліп жатқандықтан, балалардың өздері де бұл күннің Астана күні екенін білуі маңызды. Олар Астананың көркейіп, дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Бұл — олардың патриоттық сезімі, туған қаласына деген құрметі. Бүкіл елде тойланып жатқан мерекеде біздің ұжым да, өз өнерімен кішкентай болса да өз үлесін қосып жатыр», – деді М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы директорының орынбасары Айымгүл Жабаева.
Одан бөлек, қалада түрлі спорттық жарыстар, қойылымдар, көрмелер де ұйымдастырылған. Мәселен, бүгін Астананың жаңадан ашылған Сарайшық ауданында зейнеткерлер шахматтан рапид сайысы бойынша сынға түсті. Ал кеше, Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатр сахнасында JazzVIBE концерті өтті. Іс-шарада әлемге танымал хиттер, авторлық шығармалар мен қазақтың халық әндері орындалды. Бағдарлама дәстүрлі джаз, джаз-рок, поп және заманауи музыкалық бағыттарды тоғыстырды.
Биыл қала күні жиырма жетінші рет тойланғалы отыр. Бұл жолы мерекелік іс-шаралар бір аптаға созылады. Астананың алты ауданында жүзден астам мерекелік бағдарлама ұйымдастырылған. Сондай-ақ, қала халқы мен қонақтары 6 шілде күні «Астана-Арена» стадионы аумағында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен OPEN AIR концертін тамашалай алады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы