Елордада Республика күні мерекелік шаралармен аталып өтіп жатыр

25.10.2026 20:48

Мерекеге кәсіпкерлер де үлес қосып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлауда

Астана жұрты Республика күнін алты күннен бері тойлап жатыр. Бас қалада концерттер, көрмелер, спектакльдер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылған. Сондай-ақ, мерекеге орай спорт кешендері мен медицина орталықтары пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қобыздың үнімен өрілген Әнұран. Бас қаланың халқы Республика күнін ерекше рухпен қарсы алды. Мерекеге кәсіпкерлер де үлес қосып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлауда. Мәселен, бір дүкеннің иесі сауда орнын екі мың ту мен он мың шармен безендірген. Мұнда келген әрбір сатып алушы құры қол қайтпайды. Себебі оларға еліміздің көк байрағы сыйға тартылып жатыр.

"Тәуелсіздік күніне орай 16 желтоқсанға жасаған болатынбыз. Ал, бұл жолы ертерек 25-ші қазан, яғни Республика күніне бастаймыз деп шештік. Барлығы айтып жатыр, қазақтың қазақ екенін көрсетіп жатырсыздар деп, күшті деп бәрі видео, суретке түсіруде", - деп бөлісті сатушы Гүлсезім Егембердиева.  

Ал балалар арасында қазақтың ұлттық ою-өрнектерін дәріптеуге арналған шығармашылық байқау өтті. Жеңімпаз балдырғандардың суреттері экологиялық ойыншықтардың қаптамасына басылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мақсат — ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпақтың төл мәдениетке қызығушылығын арттыру екен.

"Ою-өрнек — қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі және оны күнделікті өмірде жиі кездестіруге болады. Жобаның тағы бір бағыты асық ату сияқты дәстүрлі қазақ ойындарын насихаттау. Біз бүгін алаңға асықтарды да алып келдік. Мұнда балалар ойнап көретін арнайы аймақ ұйымдастырамыз", - деп түсіндірді ұйымдастырушы Елена Райтс.

Республика күні — еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын айтулы мереке. Әрбір қазақстандық үшін оның орны ерекше. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін барша жұрттың мерекені ерекше ықыласпен атап өтуі — соның айқын дәлелі.

Бас қалада Республика күніне орай бас-аяғы 120-дан астам іс-шара ұйымдастырлған. Қала халқы мен қонақтары осы демалыс күндері түрлі концертке барып, қолөнер шеберлерінің көрмелерін тамашалай алады. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Ал бүгін кешкі сағат 9-де Астана аспанында мерекелік отшашу болады. Өтетін жері триатлон саябағы. 

 Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген - Almaty TV телеарнасы - Астана.

Оқи отырыңыз: Түркістанда Республика күніне орай халықаралық марафон өтті

Толық көрсету