Алматы әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

25.10.2026 19:55

Шаһар басшысы қала халқының мәселелерін мұқият зер салып тыңдап шықты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарын қабылдады. Алматылықтардың жиі көтерген мәселелердің бірі – көпқабатты тұрғын үй кешендеріндегі олқылықтар. Мәселен, бір тұрғын пәтер иелерінің кооперативінің жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Себебі, компания өз міндеттерін толық атқармай, берген уәделерінде тұрмаған. Мәселені шешу үшін тұрғындар тиісті мекемелерге бірнеше рет жүгінген. Алайда кооператив заңды тіркеуден өтпеуіне байланысты нақты шаралар қабылданбаған. Шаһар басшысы қала халқының мәселелерін мұқият зер салып тыңдап шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Мен пәтер иелерінің кооперативіне қатысты мәселемен келдім. Тұрғындардан ақша жинай береді, ал оның қайда жұмсалып жатқаны белгісіз. Есеп бермейді, жиналыс өткізбейді. Үйімізге газ тартылмаған. Осыдан тоғыз жыл бұрын, мен мұнда алғаш көшіп келген кезімде: «Үйлеріңізге табиғи газ тартылады», – деп сөз берген", - деді қала тұрғыны Тахмина Супашева.

"Қабылдау жақсы өтті. Конструктивті түрде айттық десек те болады. Бүкіл шағымдарымызды, айтқан мәселелерімізді тыңдады. Мәселе мынау Восточка үйінің төңірегінде ғой. Бес жыл болды, ол жерде басқару компаниясы бар, сол компания өзіне алған міндеттемелерді жөнді атқара алмай жатыр", - деп бөлісті Айдос Тоғысбаев.

Одан бөлек, қабылдауға келген бір азамат мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрғын үйлерден сыртқа шығуына қолайлы жағдай жасалмағанын айтты. Жалпы, қабылдауда әрбір өтініш бойынша қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауапты басқармаларға көтерілген мәселелердің әрқайсысын нақты бақылауға алып, тиісті жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды. 

"Әкімге мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі бойынша сұрақпен келдім. Қазір мұндай адам көп, алайда олардың кейбірі өз үйлерінен емін-еркін сыртқа шыға алмайды. Өйткені, арбаға арналған пандустар мен сыртқа шығуға қажетті жағдайлар қарастырылмаған. Әкім бұл мәселені шешуге уәде берді. Мен өзіме қажетті жауапты алдым", - деп атап өтті қала тұрғыны Сабина Досанова.

Оқи отырыңыз: Абай алаңында Республика күніне арналған концерт өтіп жатыр

Толық көрсету